30 сәу, 2021 сағат 17:52

РФ СІМ-і Рақымжан Қошқарбаев және Григорий Булатовтың ерлігі жайында мақала жариялады


1945 жылдың 30 сәуірінде Рейхстаг ғимаратына шабуыл басталды. Оның қасбетіне алғашқы Қызыл туды 150-ші атқыштар дивизиясының 674-ші атқыштар полкінің жауынгерлері Рақымжан Қошқарбаев пен Григорий Булатов орнатты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ресей Федерациясы Сыртқы істер министрлігінің Instagram желісіндегі парақшасына сілтеме жасап.

Берлиннің қақ ортасында орналасқан Рейхстаг гитлерлік Германияның басты символдарының бірі еді. Жау оны қорғауға жан-жақты дайындалды. Ғимаратты қорғауға таңдаулы армия бөлімшелері жіберілді. 

«Рейхстагтың баспалдақтарымен көтерілген алғашқылардың арасында 20 жастағы лейтенант Рақымжан Қошқарбаев пен 19 жасар қызыл әскерлік Григорий Булатов болды. Жауынгерлер қолдарына алқызыл матадан жасалған тутұғыр ұстаған еді. 150-ші дивизияның соғыс журналына сәйкес, сағат 14:25-те олар «жер бауырлап, ғимараттың орталық жетіп, басты кіреберістің баспалдағына қызыл туды тіккен». Бұл Рейхстагқа азат етуші жауынгерлер тіккен тулардың алғашқысы болды. 

Рейхстагтың баспалдақтарында желбіреген Қызыл Ту біздің жауынгерлерге күш берді. 30 сәуір күні кешке 674 және 756-полктердің негізгі күштері фашистердің шебін бұзып өтіп, ғимаратқа кірді. Түнде лейтенант Берест, сержант Кантария және қызыл әскерлік Егоров неміс мергендерінің атқылаған оғына қарамай, фашизм ордасының үстіне Жеңіс туын орнатты. Рейхстагтың жертөлелері мен дәліздеріндегі қызу шайқас 2 мамырға дейін жалғасты» делінген РФ СІМ мақаласында. 

Рейхстагты алу кезінде көрсеткен ерлігі мен батырлығы үшін Рақымжан Қошқарбаев пен Григорий Булатов Қызыл Ту орденімен марапатталды. Қошқарбаевқа арналған ескерткіштер оның Отаны – Қазақстанның Ақмола облысы мен республиканың астанасы Нұр-Сұлтан қаласында, ал Булатовқа Киров қаласында орнатылды.