10 там, 2016 сағат 10:02

Риода журналистер мінген автобусқа оқ атылмаған, тас лақтырылған - БАҚ

Рио-де-Жанейродағы Олимпиаданың спорттық нысандары арасында жүретін журналистер автобусына белгісіз біреулер тас лақтырған, деп хабарлады ВВС агенттігі.

Алғашында автобусқа атыс қаруынан оқ атылды деген хабар тарады, бірақ кейінірек белгісіз біреулердің тас атқаны анықталды. Автобустың екі терезесі сынды, салонда болған кейбір журналистер жеңіл жарақат алған. 

«Тарсылдаған дыбыс шықты. Автобус тоқтаған жоқ, бірақ жүрісін тежеді. Бәріміз еденге жатып, қорғандық», - деді Press Association ақпарат агенттігінің фотографы.

Оқиға орнына келген полиция автобусты баспасөз орталығына дейін шығарып жеткізіп салды. 

Халықаралық олимпиадалық комитеттің хабарлауынша, жергілікті билік оқиғаны тергеуді бастады. 

Риодағы Олимпиада ойындары басталмай тұрып, қалалық полиция Олимпиада кезінде туристер мен шетелдіктерді қоғамдық қауіпсіздікпен қамтамасыз ете алмаймыз деп ескерткен еді.