Фото:sputnik.kz
Бүгін ҚР Парламенті Палаталары бірлескен отырысында Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев Үкіметтің назарынан жүйелі түрде тыс қалып отырған ауқымды мәселені атады, деп хабарлайды Ult.kz.
Депутат демографиялық санда бар, санатта жоқ азаматтар деп мыналарды атады:
"Зейнетақы қорына бірде-бір тиын жинамаған – 3,5 миллион адам, әлеуметтік медициналық сақтандырудан тыс қалған – 3 миллион адам, өзін-өзі жұмыспен қамтамасыз етіп жүрген, аты да, заты да белгісіз тағы 2,5 миллион адам бар. Біз келтірген мәліметтердің артында кедейшілікпен күресіп жүрген, тұрақты жұмыс таба алмай жүрген миллиондаған адамның тағдыры тұр", - деді ол.
Сонымен қатар Елнұр Бейсенбаев еліміздегі еңбекке қабілетті шамамен 10 миллион адамның небәрі 5,5 миллионы ғана нақты әрі тұрақты жұмыспен қамтылғанын айтады.
Ал Үкіметтің елімізде орташа жалақы – 423 мың теңгені құрайды деген мәліметіне күмән келтіріп депутат елімізде дәл қазір 3 миллион адам – небәрі 200 мың теңге жалақы алса, ал 1 миллион 800 мың азамат ең төменгі жалақы – 85 мың теңгеге күн көріп отырғанын айтты.
Содан мәжілісмен Бейсенбаев:
"Сонда 423 мың теңге жалақыны кім алады?!" - деген сұрақ қойды.
