27 қаң, 2026 сағат 18:03

Щучинскідегі әскери колледжде қызылшаға байланысты карантин енгізілді

Фото: ашық дереккөз

Ақмола облысының Щучинск қаласында орналасқан Шоқан Уәлиханов атындағы Қорғаныс министрлігінің Әскери колледжінде қызылша ауруының таралуына байланысты карантин енгізілді, деп хабарлайды Ult.kz Halyqstan Телеграм арнасына сілтеме жасап.

Оқу орны әкімшілігінің мәліметінше, каникулдан кейін бірнеше кадеттен жұқпалы аурудың белгілері анықталған. Алдын ала дерек бойынша, инфекция оқу орнына сырттан әкелінген болуы мүмкін.

Қазіргі таңда Көкшетау қаласындағы Жұқпалы аурулар орталығына 66 адам жатқызылған. Науқастардың басым бөлігі ауруды жеңіл түрде өткеруде. Екі жағдайда асқыну тіркелгенімен, дәрігерлер олардың жағдайы тұрақты екенін және алаңдауға негіз жоқ екенін атап өтті.

Колледжде карантин шаралары күшейтіліп, санитарлық талаптар қатаңдатылды. Сондай-ақ жеке құрамның денсаулығына күнделікті бақылау жүргізіліп, инфекцияның одан әрі таралуына жол бермеу мақсатында профилактикалық жұмыстар атқарылып жатыр.