Фото: Instagram.com
Стендап-комик әрі іс-шара ұйымдастырушысы Әлібек Жұмабаев әзілдегені үшін 5 тәулікке қамауға алынған. Алайда арнайы қабылдау изоляторында бос орын болмағандықтан, комик үйіне жіберілген, деп хабарлайды Ult.kz Stan.kz ақпарат порталына сілтеме жасап.
Блогердің мәліметінше, оқиға 2025 жылғы 2 қарашада сағат 21:00 Семейдегі Момышұлы көшесі 31/33 мекенжайында орналасқан "Костер" мейрамханасында өткен стендап-концерт кезінде болған.
Комик Instagram-парақшасына толтырылған хаттаманы жүктеді, онда оның стендап-шоуды өткізу барысында әдепсіз сөздер қолданғаны және өнерінің бейнежазбасын әлеуметтік желіге жүктегені көрсетілген. Құжатта Жұмабаевтың әрекеті Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 434-бабы, 1-бөлігі бойынша “Қоғамға құрметсіздік танытты” деп бағаланған.
Жұмабаев кейінірек ізоляторда бос орын жоқ болғандықтан, қамауда ұстау шарасы орындалмай, үйіне қайтарылғанын мәлімдеді.
Абай облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі стендап-комик Әлібек Жұмабаевтың ұсталғаны туралы ақпаратты растады. Ведомство мәліметінше, 2025 жылғы 22 қарашада шамамен сағат 21:00-де комик мейрамханада өнер көрсетіп, әдепсіз сөздер айтқан.
“Іс-шарадан түсірілген видео әлеуметтік желілерде тарап, қоғамда қызу талқыға түсті. Жарияланған жазбаны зерттеген полицейлер қоғамдық орында бейәдеп сөздер айтқаны үшін құқық бұзушыны әкімшілік жауапкершілікке тартты”, – деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Сот тергеу жүргізіп, комикті кінәлі деп таныған.
“Әкімшілік материалды қарау қорытындысы бойынша сот оны кінәлі деп танып, 5 тәулікке әкімшілік қамауға алу түріндегі жаза тағайындады”, – деді ведомство өкілдері.
Баспасөз қызметі қоғамдық іс-шаралар ұйымдастырушыларын және өнерпаздарды жауапкершілікті ұмытпауға шақырды.
“Қоғамдық іс-шаралар, оның ішінде юмористік шоулар да, қоғамдық мораль нормалары мен тыңдарманға құрмет көрсету талаптарына сай өткізілуге тиіс. Қоғамдық орындарда бейәдеп сөздер арқылы “ерекшеленуге” немесе “өзін білдіруге” талпыныстар, әсіресе оларды желіге тарату – заңбұзушылық. Мұндай әрекеттер жазасыз қалмайды. Полиция қоғамдық тәртіп пен мәдениетке нұқсан келтіретін құқықбұзушылықтардың алдын алу шараларын одан әрі жалғастырады”, – делінген хабарламада.
