20 қыр, 2019 сағат 11:32

Шамалғандағы апат: Балалар әлі де ауыр халде

Алматы облысының Шамалған стансасында пойыз бен автобустың соқтығысуынан зардап шеккен балалар әлі де ауыр халде жатыр. Бұл туралы алматылық дәрігерлер мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

3 және 5 жастағы қыздар Алматыдағы «Балалар шұғыл медициналық жәрдем орталығы» МКК-ға жеткізілген болатын.

«Қазір балалардың жағдайы өте ауыр. Олар жасанды тыныс алу аппаратына қосылған. Емдеу шаралары толық жүзеге асырылып жатыр», - деді орталық дәрігерлері.

Ал анасы Алматы қаласындағы №7 ауруханада жатыр. Бүгін ол жансақтау бөлімінен бөлімшеге ауыстырылды.

«Әйелдің бірнеше жерінен сүйегі сынған. Миы шайқалған. Жағдайы «орташа» деп бағаланып отыр. Оны қазір отаға дайындап жатырмыз», - деді медицина мамандары.

Оқиға 15 қыркүйек күні болды. Кешкі сағат 19:30-да Шамалған стансасында жолаушылар пойызы мен автобус соқтығысты.

Автобус теміржол өткелінің үстінде тұрған. Оқиға орнында автобус жүргізушісі мерт болды. Тағы 3 адам Қарасай аудандық ауруханасының жансақтау бөліміне түсті. Олар – анасы мен екі қызы.

Қазір аталған факті бойынша ҚР ҚК 345-бабының 3-бөлігі бойынша іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр. Істің тергелуін Бас көліктік прокуратура өз бақылауына алды.