Фото. Fight.ru
Аралас жекпе-жек спортшысы Шавкат Рахмоновтың жұбайы мен ұлы жол апатына ұшырады, нәтижесінде көліктегі екі жолаушы қайтыс болды, деп хабарлайды Ult.kz.
Жол-көлік оқиғасы Жамбыл облысының Мойынқұм ауданына жақын жерде болған.
HALYQSTAN Telegram-арнасының мәліметінше, автокөлікті Гүлайым Рахмонова жүргізген. Оның қасында ұлы және екі құрбылары болған. Олар Қарағандыдан Алматы бағытына бет алған.
Toyota Land Cruiser маркалы көлік Алматы–Екатеринбург автожолының 296-шақырымында, Ақсүйек ауылының маңында апатқа ұшыраған. Алдын ала деректерге сәйкес, жүргізуші рөлге ие бола алмай қалған. Салдарынан 39 және 35 жастағы екі жолаушы оқиға орнында көз жұмды.
Гүлайым Рахмонова мен үш жастағы ұлы Шу қалалық ауруханасына жеткізілді. Дәрігерлер олардың жағдайын «орташа ауыр» деп бағалап отыр.
Полиция бұл оқиға бойынша ҚР ҚК 345-бабының 4-бөлігіне сәйкес (жол ережесін бұзу салдарынан екі немесе одан да көп адамның қаза табуы) сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлады.
