17 қаз, 2025 сағат 11:08

«Шетелде құлпынай тергенше, елде 600 мың тап» – блогер

Фото: ашық дереккөз

Блогер Ербол Мәндібек шетелде жұмыс істеу қазаққа міндетті түрде байлық әкелмейтінін айтып, отандастарды өз елінде еңбектенуге шақырды. Оның айтуынша, көпшілік шетелде құлпынай теріп, ыдыс жууды намыс көрмейді, бірақ дәл сондай қара жұмысты Қазақстанда істегісі келмейді, деп хабарлайды Ult.kz.

Мәндібектің айтуынша, шетелде тапқан қаражаттың басым бөлігі тұрмысқа кетеді, сондықтан қолда қалатыны шамамен 300 мың теңгенің айналасы.

"Еуропалық инфляциямен есептеп қарасаң ақшасының айырмашылығы көп емес. Мысалы мен жұмыссыз қалғанда қарап жатпай такси болдым, тамақ тасушы болдым, тіпті жүк те түсірдім. Жап-жақсы табыс таптым. Орташа есеппен айына 400-450 мың табыс болды", - дейді ол.


Осыдан кейін блогер enbek.kz электронды еңбек биржасындағы бос орындар туралы мәліметтерді ұсынды:

"Мысалы, қазіргі нарықта 500-600 мың айлық ұсынып, жұмысшы таппай отырған салалар жеткілікті. enbek.kz электронды еңбек биржасында айлығы 980 мыңға дейін жететін 36 мың бос жұмыс орны бар екен. Соның 4 мыңға жуық вакансиясының айлығы 350 мыңнан басталады екен", - деп жазды Мәнідбек.


Сұранысқа ие жұмысшы мамандықтар (Ұлттық статистика бюросы):

  • Автобус жүргізушісі – 400–600 мың тг

  • Қаптаушы/фасовщик – 400–650 мың тг

  • Арнайы техника машинисті – 400–700 мың тг

  • Трактор жүргізушісі – 350–450 мың тг

  • Дәнекерлеуші – 350 мың тг-ден жоғары

Бұл жұмыс орындары тек Астана мен Алматыда ғана емес, Қостанай, Қарағанды, Маңғыстау сияқты өңірлерде де 3 мыңнан астам бос орынға мамандар жетіспейді.

Ербол Мәндібектің айтуынша, бұл мамандықтарға төрт жыл оқитын жоғары білімнің қажеті жоқ. Арнайы курсты оқып, бірден жұмысқа кірісуге болады. Тіпті мемлекет бұл курстарды тегін ұсынады, тек жұмыссыз ретінде тіркелу жеткілікті.

«Шетелде тапқаның сол елдегі пәтерақы мен тамаққа кетеді. Ал өз аймағыңда техникалық мамандық меңгеріп, 500–600 мың теңге тапсаң – әрі табыс, әрі отбасыңның қасындасың. Бастысы – Отанындасың», – деп түйіндеді блогер.


Ербол Мәндібек қазақстандықтарды жалған намыстан арылып, ел ішінде де лайықты жалақымен жұмыс табуға болатынын еске салды.