Фото: ашық дереккөз
Қаржылық мониторинг агенттігінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаменті жер қойнауын пайдаланушылардан ақша алу схемасын ұйымдастырған екі азаматқа қатысты алаяқтық дерегі бойынша тергеуді аяқтады, деп хабарлайды Ult.kz.
Ведомство мәліметінше, 2025 жылғы қыркүйек айында Самар ауданының «Кенқарын» учаскесінде бір топ адам «Құлынжон» өзенінің арнасын өз бетінше өзгерту арқылы бағалы металдарды заңсыз өндіргені анықталып, олардың әрекеті тоқтатылған. Аталған заңсыздық салдарынан экологиялық залал 54 миллион теңгеден асқан.
Осы жағдайды пайдаланған күдіктілер қылмыстық іске тартылған азаматтардың біріне қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын жеңілдетуге көмектесеміз деген сылтаумен 10 мың АҚШ долларын беруге көндірген.
Қабылданған жедел шаралар нәтижесінде аталған тұлғалар ақша алу кезінде ұсталды.
Сот үкімімен оларға 2 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.
