29 қаз, 2025 сағат 13:17

Шымкентте “Nazira Gold” ісі бойынша 9 адам сотталды: 16 миллиард теңге жымқырылған

Фото: ашық дереккөз

Шымкентте қаржы пирамидасын ұйымдастырған “Nazira Gold” компаниясына қатысы бар 9 адамға үкім шықты, деп хабарлайды Ult.kz Qazaqstan.tv арнасына сілтеме жасап.

Тергеу деректеріне сүйенсек, олар әлеуметтік желілер арқылы азаматтарды алдап, 16 миллиард теңгеден астам қаражат жинаған.

Ұйым өзін алтын бұйымдар сатумен айналысатын кәсіп ретінде көрсетіп, салымшыларға салған ақшасын 5 айда екі еселеп қайтарамыз деп уәде берген. Алайда жиналған қаржының 14 миллиарды із-түзсіз жоғалып, қалған бөлігіне айыпталушылар туыстарының атына зәулім үйлер мен қымбат көліктер рәсімдеген. Бұл мүліктер енді тәркіленіп, жәбірленушілерге қайтарылады.

Сот шешімімен ұйымның жетекшісі 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Оның серіктестерінің жетеуі 5 жылға сотталды, ал бір адамға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.

Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының судьясы Мадияр Абдрасиловтың айтуынша, “Nazira Gold” жобасының бастапқы мақсаты азаматтардың ақшасын тарту болған:

«2025 жылдың мамыр айында “Nazira Gold” жобасын құрған кездегі басты мақсат – халықтың қаражатын тарту. Олар ай сайын 20-41 пайыз табыс, ал бес айдан кейін салым сомасын толық қайтарамыз деп көрінеу орындалмайтын уәде берген», – деді судья.


Сот “Nazira Gold”-тың әрекетін қаржы пирамидасын ұйымдастыру және алаяқтық деп таныды.