25 там, 2025 сағат 11:44

Шымкентте үшауысымды оқыту мәселесі шешілді – министр Ғани Бейсембаев

Фото: ҚР ОАМ

Жаңа оқу жылы қарсаңында Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Шымкент қаласындағы бірқатар білім беру ұйымдарын аралап, мектептердің қауіпсіздігі, инфрақұрылымы және педагогтермен қамтамасыз етілуі мәселелерін қарады, деп хабарлайды Ult.kz.

Министрдің айтуынша, қала мектептері жаңа деңгейдегі қауіпсіздік жүйесімен жабдықталған. Барлық білім ордалары бейнебақылау жүйелеріне қосылып, бейнежазбалар ІІМ Жедел басқару орталықтарына және әкімдіктің ахуалдық орталығына тікелей таратылады. Бұл кез келген жағдайға жедел әрекет етуге мүмкіндік береді.

Инфрақұрылым бойынша да айтарлықтай өзгерістер бар. Мемлекет басшысының бастамасымен іске асқан «Келешек мектебі» ұлттық жобасы аясында Шымкентте 12 жаңа мектеп салынды. Соның бірі – 2030 оқушыға арналған №144 мектеп. Қала әкімі қазіргі таңда үш ауысымды оқыту мәселесі толық жойылғанын мәлімдеді.

Сонымен бірге, реновация бағдарламасы бойынша 11 мектепте күрделі жөндеу жүргізілуде. Мәселен, Сайрам тұрғын алабындағы №109 мектеп толық жаңартылып, қазіргі заман талаптарына сай жабдықталды.

Білім сапасын арттыру үшін кадр мәселесіне де көңіл бөлінді. Министр мұғалімдермен кездесіп, мектеп тек оқушылар үшін емес, педагогтер үшін де кәсіби даму алаңы болуы керектігін атап өтті.

Сапар барысында инклюзивті білім беру жайы да қаралды. Қазір Шымкент қаласында балабақшаларда – 96%, мектептерде – 95% балалар инклюзивті оқумен қамтылған. Ұлттық деңгейде «Ерекше білімді қажет ететін балаларды кешенді қолдау туралы» заң жобасы дайындалуда.

Бұдан бөлек, министр аграрлық-техникалық колледждің материалдық-техникалық базасымен және қосымша білім беру ұйымдарының жұмысына тоқталды. Соңғы үш жылда елде қосымша білім беру мекемелерінің саны екі есе өссе, биылдың өзінде Шымкентке 400 жаңа ұйым қосылған.

Айта кетейік, бүгінде қалада 1100-ден астам білім беру ұйымы бар. Оның ішінде 290 мектепте 271 мың оқушы білім алуда, 32 мыңнан астам мұғалім еңбек етуде.