19 ақп, 2017 сағат 21:20

Шыңғыс хан сақтардың ғұрпымен жерленген

     Абылай ханның қасында Жалаңаш әулие деген көріпкел бақсысы болған екен. «Жалаңаш әулиесіз жорыққа шықсам жолым болмайды» деген Абылай Көкжал Барақ бабамыздың кегіне қырғызды шабамын дегенінде Жалаңаш әулие «Мұсылманға қарсы бармаймын» деп, Абылдайдан қашып кетіп, Ертістің жағасындағы бір ағаштың түбінен табылады. Сонда Абылай хан оған: «Олар мұсылман болса, онда, өздері өлтірген батырларымызды неге қара жерге тапсырмаған, тіпті беттерін де жаппай кеткен, егер де сен маған ермесең, жолдастық хақымды кешпеймін!» деп ертіп алған деседі. Қырғыздардың  мәйітті қорлайтын жаман ырымдары жөнінде «Манас» жырында да айтылады. Қырғыздар жауларын қорқытқанда: «Ата-бабаңның көрін қазып алып, сүйектерін далаға шашып тастаймын» дейді. Жоңғарлардан кейін қазақтардың ақырғы соғысқан жаулары қырғыздар еді. 

Сондықтан болар, қырғыздарға тістерін батырған Кабанбай батырдың, Көкжал Барақтың  жатқан жерлерінің құпия қалғандары. Олардың мазарлары белгілі болса, қырғыздар елге тыңшы жіберіп, міндетті түрде көрлерін қазып, мәйіттерін қорлар еді.  Қазыбек бек Тауасарұлының да моласы тегістеліп тасталған екен. Ол кісінің жатқан жерін тек туыстары ғана білген. Кейбір зерттеушілер ежелгі, яғни Шыңғыс ханның мағолдарының (оқы қазақтардың) да дәстүрінде моланы құпия қалтыру болғанын айтады. Шыңғыс ханның моласының құпия қалуының басты себебі жоғарыда айтылған «жаман ырымда» жатыр.

     Қазіргі таңда Шыңғыс ханның моласын іздеп жүргендер аз емес. Ақырғы кездерде «моласын таптық» деушілер көбейіп кетті. Осылай деп айтып жүргендердің көбісі көріпкелдер болады. «Аян алдық» деп жар салып, сай-саланы қаздырып жатқандар да бар. Міне, осындай көріпкел біздің Шығыс Қазақстаннан да шықты. Бірнеше газеттерде, ғаламторда аты аталған бұл көріпкелдің аты-жөні Серік Самарқан болады. Шыққан тегі керейдің Жантекейі, нағашыдан меркіт, «Ер Жәнібек» қоғамдық қорының құрылтайшысы Серік ініміз мені Алматыда тұратын белгілі ақын-жазушы, тіл қайраткері Шекербану Рахметоллақызы жеңгеміз арқылы тауып алған еді. Жеңгеміздің көріпкелдердің көмегімен, соның ішінде шапыраштының қызы Бақыт Жұматованың да көмегімен Көкжал Барақ бабамыздың жатқан жерін тапқаны белгілі. Ал енді Серіктің  маған айтқан әңгімесі Шыңғыс ханның жатқан жерінде еді. Сондықтан да, менің Шыңғыс хан жөнінде жазып жүргенімді естіп, жеңгемізден телефонымды алған екен. Қысқасын айтқанда, менің араласуыммен Серік облыс әкімінің орынбасарымен кездесіп, менің жазып бергендерімді оқытып, осының ақырында Шілікті алқабында археологиялық жұмыстарды жүргізіп жатқан археологтар арнайы тапсырма алып, Серіктің айтқан жерінде барлау жұмыстарын жүргізіп, археологиялық сараптамының қорытындысын шығарды. «Әл-Фараби» атындағы ғылыми университетінің археология кафедрасының аға оқытушысы Р.С. Жуматаевтың сараптамасында: «По предварительному замечанию могильник относится к сакскому времени (примерно датируется 5-4 вв до нашей эры). Такие памятники встречаются на Алтае (Майемер, Берел, Бесоба, и др.), Тарбагатае (Ашылы, Базршалы) , в Жетису (Есик, Ойжайлау и др)» деп айтылған.

   Ал енді, Серік болса, бұл тастардың үйіндісінің  13 ғасырда пайда болғанын айтады. Көріпкел ретінде бұл тастардың қай жерден әкелінгендерін көріп тұрғанын да айтады. Бұл жерде біздер Ванга апайдың «мен өткенді де, болашақты да кино көргендей көремін» дегенін еске алалық.  Көкжал Барақтың моласын тапқан көріпкел де, ақ киізге оралған бабамыздың мәйітін қояр жеріне түйеге артып әкелгендерін, тіпті қазан ошақтың қай жерге қойылғанына дейін  көрген еді. 

   Сонымен, Серік Самарқан Шыңғыс ханды қоңырат нағашылары  сақтардың ғұрпымен  қойған дейді.  Зайсан қаласы маңындағы Сандықтас аталатын бұл жерде үш қорым жатыр. Серіктің айтуынша біреуінде Ұлы хан, келесіде сүйікті жылқысы, үшіншіде ханның сүйікті тоқалы Есуй жатыр екен. Осыдан 120 шақырым жерде «П» әрпіне, яғни, қоңыраттардың босаға таңбасына  ұқсас үйгентаста Шыңғыс ханды жерлегендердің қорымы, одан кейінгі 80 шақырым жерде алдыңғыларды өлтіргендердің қорымы дейміз. Аңыз бойынша ақырғыларды өлтіргендер Қарақорымға жеткендерінде оларды да өлтірген екен. Кейінгі өлтіргендер бұлардың кімдер екендерін, қайдан келгендерін білмеген. Шыңғыс ханның жерленген жерін Өгедей ғана білген соң, осы ханның аруағы Серікке аян берген дейді. Серікке қасиет нағашы жұрты меркіттен келген екен. Ең алғаш аян алғанда ол сол кездегі облыс әкімі Бердібек Сапарбаевқа жолыққан. Әкімшіліктегілер Серіктің айтқандарына құлақ аспағандарымен қоймай, Сапарбаевтің орынбасары, Бекболат Тілеуханның күйеу баласы Жақсылық Омар Серік жөнінде «шизофренник» деген лақап таратып кетіпті. Сондықтан да Серіктің оларға деген өкпесі қара қазандай, арты қайырлы болсын!  Жынды болатындай ештеңе жоқ, Серік шежірені бір кісідей білетін, керей Жәнібек батырдың тарихын жақсы білетін, қазақтың салт-дәстүрін, мақал-мәтелдерін жақсы ұстанған, сөзге шешен адам екен.  Әлгі Жақсылық Омардың ақылы Серікті түсінуге  жетпеген соң, осылай айтқан болса керек.

    Міне, осы Серікпен танысқаннан кейін мен енді археологиялық ізденістермен де айналысып кеткен едім. Жас  күнімде тарих факультетінің студенті ретінде археологиялық экспедицияға қатысқан менің «сақтардың қорымын тапсам» деген пендешілік (алтын қазына табу) арманым алдымнан шықты. Бұйыртса, мамыр айында қорымның басына бармақпыз. Облыстың мәдениет басқармасының мамандары алдымен сканерлік жұмыстар жүргізеді.

   Енді  қысқаша ғана бақсы-балгерлердің табиғатына тоқтала кетелік.  Кезінде Шоқаннның «Следы шаманства у киргизов» деген еңбек жазып, бақсылықты «пайғамбарлық» деп атап кеткені белгілі. («Это пророчество»). Шоқан өз заманының ең мықты бақсысының наймандардан шыққанын, ұлы бақсылардың иесінің «сары қыз» болатынын айтқан. Бағаналы Қойлыбай бақсының Нәдір шолақ пен Ер Шәйлән деген екі иесінің болғанын, Қойлыбайдың албастының патшасымен шайқасқанын әрине, жас Шоқан біреудің аузынан жазып алған. Бұл жердегі бақсының құлағына сыбырлайтындардың аруақтар  емес, иелер екендері айтылады. Өзімнің ағам, аты әлемге әйгілі Базылқан қажы, Шығыс Қазақстан облысының халық емшілері қауымдастығының төрағасы болғандығынан мен бір кездерде осы қауымдастықтың заңгері ретінде қызмет жасап, талай-талай бақсы-балгерлерді көріп, Базылқан қажымен бірге Қазақстанды аралап ем-домдарға қатысып жүріп, Шоқан сияқты бақсылықты мен де жете зерттеген едім. Сондықтан да, кезі келгенде «Найманның бақсы-балгерлері» атты еңбек жаздым.  Жезқазғандағы, Маңғыстаудағы атағы шыққан көріпкелдерді көрдім. Бекет атаның ұрпағын да көріп, дем салғызған едім. Сары әулие сияқтылар құран оқып, хатым шығарып бергенге ғана жарап жүрді.  Сондықтан да, Серіктің қасиетіне көзім жеткенде мен оған қалжың ретінде: «Талай әкесін сабағандарды көрген едім, бірақ, дәл сен сияқты арбаға байлап сабағанды бірінші рет көрдім» деген едім.  Қазір Мәскеуде тұратын, Базылқан қажының қасындағы бір мықты орыс көріпкел әйел сияқты Секең де, телефон арқылы көрші-қолаңыңды түгендеп, аттарын атап, түстерін түстеп  отырады екен.  Бақсылықта телепатиялық қасиет болады. Яғни, олар сіз туралы ақпаратты өзіңіздің ойыңыздан осы қасиеті арқылы аулап алады да, таң қалдырып ақшаңызды сыпырып алады.  Бұл дегенің нағыз сиқыр, яғни шарлатандық. Ал енді, сіздің өзіңіз білмейтін, өзіңізге қатысты ақпаратты айтқан бақсының қасиетінде күмән болмау керек. Мәселен, сіз өзіңіздің есіңізді кірмеген кезден асыранды бала екеніңізді білмесеңіз де, Серік сияқты көріпкелдер біліп қояды. Бұлар ақпаратты ғарыштан (Көк Тәңірінен) алады. Мәселен, Тамғалыдағы тастарда арийлердің заманында салынған суреттердің мағынасын айта алған көріпкел, космоэнергетика прогрессоры Бибі Сандуғаш менің арғы атамның бүркітші болғанын айтқан еді. Бұндай ақпарат менің ойымда болған емес.  Тек екі жылдан кейін ғана мен Дүсіп атамның үлкен сопы, қалпе болғанын шежірешілерден білдім. Қалпе дегенімзідің итбегі, құсбегі, саятшы екені белгілі.   Серік те осы сияқты, адамның ойында жоқ ақиқат ақпаратты айта алады.

    Былтырғы жылы Шығыс Қазақстанда жауын-шәшін көп болып, егін мен шөпті шірітіп, Ертісті арнасынан асырды. Қытайлар топан судан қорқып бөгеуді ашып жіберді. Серік болса бір жыл бұрын  осы  «кіші топан су» жөнінде аян алып, жаңбырды Арал теңізіне тарту мақсатымен Арал ауданының әкіміне тасаттық жасатуға барған екен.  Серікті жындыға санаған әлгі әкім поезға билет алып беруге жарамай, оны «қоян» ретінде бір вагонга отырғызып Алматыға шығарып салыпты. Бұлттарды тарту қасиеті бар бақсылар жөнінде біздер тарихтан білеміз. Мәселен, найманның Күшлік бақсысы осындай жасай алған. Қойлыбай мен ақнаймандық Қазы Құмар бақсылар осындай қаситеттерінің күшімен қобыздарын тобылғының түбінде байлаулы тұрған жерінен тарта алған. Бұл қасиет ғылымда телекинез деп аталады. Өзенді қақ айырған албанның жиені Раймыбек батырдың, теріс ағызған сыбан-найман Баянбай әулиенің, біреулердің алдындағы дастарқанды өзеннің арғы жағынан тартып алған арғын Түлкібай әулиелердің бәрінің күші осы телекинездік қасиеттерінен  болған.  Әлгі әкімсымақ бір тайды сойдыртып, халықты жинап тасаттық жасатқанда, Серік бұлттарды тартқанда бәлкім, Арал тіріліп кетер ме еді?  

   Серік Калачидегі ұйықтап қалғандардың себебін дұғадан көреді. Сондықтан ол жергілікті ақпарат құралдарының басшыларына барып: «Мені Калачига апарыңдар, ол жақта бір маубасты оятқанымда менің айтқаныма сенетін боласыңдар!» деп қаншама айтса да әлгілер сенбеген екен. Серіктің айтуынша Калачи тұрғындарына дұға жіберген орыс әйелі, үкіметті үркіту үшін осыны жасаған екен. Казір Ресейге қашып кеткен дейді. Өзінің айтқанында, Серіктің бойында Қыдыр ата жүреді екен. Мен Серікке Қыдыр атамыздың Көк Тәңірлік пайғамбар болғанын айтып бердім. Кейбір шежіре нұсқалары күллі қазақты Қыдыр пайғамбардан таратады. Меніңше, Серіктің бойында Көк Тәңірінің пайғамбары жүрген соң, оған осындай аян берілген. Өйткені, біз білетініміздей Шыңғыс хан тек қана Көк Тәңіріне сыйынған. Және де, абыз ру адайдың төлі болған Шыңғыс ханның өзінің де Көк Тәңірімен байланысы болған. Серік болса, Шыңғыс ханды жапондықтардың лақабына сай меркітке санап, аянды меркіттің жиені ретінде алғанын айтады.

    Ал енді, Серіктің өзінің ата тегіне келетін болсақ, кейбір шежірешілер Абақ-керейдегі Жантекей атаны Жошының ұлына жатқызады. (Халел ата). Анығында, Жантекейлер (Шандеке) Көкжал Барақтың руы Өтейлермен бірге Өзбек хандығы кезіндегі наймандардың құрамында болған. Бұлардың (жантекейлердің) арғы түбі  асыл текті қаңлы-қияттар. Негізінде, Орта жүздегі арғын, найман, уақ, керейдің түбі бір – сары қаңлы. Сондықтан да шежіреде Сарыманнан (сары+ман – сары адам) Ақжол, Ақсопы, екінші бәйбішеден Қоянбай, Ақжолдан Арғын, Ақсопыдан Найман, Қоянбайдан Уақ, Керей» деп айтылады. Бұл жердегі Қоянбайымыз Хасен Қожа-Ахмет айтқан Қоян-Хуян-Қиян, яғни, қаңлы-қияттардың «Ергене қоңға кетті» деген  мифологиялық бабасы.  Алай да, Уақтар мен Керейлер екінші бәйбішеден туғандықтарынан инал, яғни, Кай әулетінің тақ мұрагерлері бола алмаған. Сондықтан да, Шыңғыс ханның дәуірінен бұрын құрылған Керей хандығының дәрежесі, атақ-абыройы Орта Азияда, немесе қаңлы-қыпшақ әлемінде өкіреш-иналдар, яғни, нағыз тақ мұрагерлері құрған Найман хандығындай бола алмаған.  Керейлердің ақырғы ханының басын наймандар Шыңғыс ханды жақтағаны үшін кесіп алып, алтын-күміспен қаптап тақтың арқасына іліп қойып: «Тақтағы сенің орының да, қаңлы-қиятқа шатағы жоқ Шыңғыс ханның орыны да  осылай ғана болмақ» деген сыңай танытып отырған. Абақ-керейдің түбін шапырашты дейтіндер де бар. Ал енді, шапыраштының да түбі қаңлы-қият, нағашыдан қоңырат болады. Сондықтан да қаракересек-қияттан шыққан Казыбек би, үйсіндерге жазылып кеткен шапыраштыны: «Шапырашты менің адасым» деген екен. Шапыраштының да, Абақ-керейдің де түбі, арғы тегі  азық-сармат (язиг) сары үйсіндерге «үш қайнаса да сорпасы қосылмайды». Енді сақтардың жерлеу дәстүрі жөнінде сөз қозғалық.

     Қазіргі маңғолдар жөнінде Серік Самарқанның өзі: «Шыңғыс ханның қазіргі маңғолдардан тууы мүмкін емес, Шыңғыс хандай тұлға бұлардың гендік қорында (генофонд наций) жоқ!» дейді.  Расында да, қазіргі маңғолдардың түп аталары Шун Вей, яғни, ашына-қытай (шун-ушын-сина). Ал енді, сина-қытайлар ешқашан да жауынгер халық болған емес, сондықтан да Шыңғыс хандай жауынгердің бұлардан тууы мүмкін емес.

     Адайлардың арий-сақтардың ұрпақтары екендері белгілі. Негізінде көптеген зерттеушілер сақтардың мәдениетін арийлік деп саналатын Андронов мәдениетіне жатқызады. Шыңғыс хан адайдың төлі болғанда, әрине, сол заманның қазақтарының жерлеу дәстүрі бойынша қойылған. Қазіргі маңғолдардың бабалары жерлеу дәстүрін ұстанбаған, өйткені, сол заманда да, қазіргі таңда да олардың діні Көк Тәңірлік дінге бөтен еді. Сақтардың мәйітті жерлеу рәсімі аса әр қилы да, күрделі болған. Олар өлгендерін киімімен жерлейтін болған. Марқұмның қару-жарағы, ыдыс-аяғы, тұтынған заттары, мінген аты ер-тұрманымен бірге жерленген болған. Бейіттің басына оба тас үйіліп, бейіттің үй орнындай аумағы таспен қоршалған. Көбінде жер асты үй ретінде көр қазылып, бөренелермен қабырғалары қапталған болған. Сақтар бабаларының жатқан бейіттеріне айналып келіп отырған. Сол кезде құрбан шалатын болған. Олар бабаларының бейіті тұрған жерлер үшін жан аянбай жауларымен соғысқан. Сақтардың ата бейітіне деген ілтипәті өте жоғарғы деңгейде болған.

     Мәйітті саркофагқа, яғни, астау табытқа салатын болған.  Астау табытты емен ағашы сияқты жуан ағаштардан ойып жасайтындары да кездеседі. Таңғұт жорығында қайтыс болған Шыңғыс ханды осындай астау табытқа салып, табытты толтыра бал құйып тастаған деседі. Осы күйінде мәйіт жерлейтін жеріне әкелінген.  Серік айтқан Сандықтаста жүзге жуық уйгентастар кездеседі. Алай да, оларды қорым деп ешкім де ойламаған. Бір көзге қарағанға бұл жер құрып қалған өзеннің арнасына ұқсайды. Сондықтан да жергілікті халық шағын ғана төмпешіктерді кезіндегі су асты тастары деп ойлап жүрген болса керек. Бұл қорымдар  кезінде тоналмаған сыңайлы.  Археологтар үйгентастардың үшеуін ғана қорым деп отыр. Қорымдардың фотосуретіне қарағанда мен археологиядан хабарым болса да, бұл үйгентастарды қорым дап ойламас едім.  Мамыр айын күтудеміз.

Қайрат Зарыпхан,

Шежіретанушы

Ұлт порталы