26 қыр, 2023 сағат 17:27

"Сиырға қора салуға ақша бар да, ауылдағы мүгедекке жоқ па?" - депутат

Фото: kazatu.edu.kz

Мәжіліс депутаты Таңсәуле Серіков Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне жаңа баспана салынбаған ауылдарда тұратын мүгедектерге ескі үйлерді мемлекет қолдауымен сатып алуға мүмкіндік беруді ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат агенттігі.

«Қазақстанда 720 мыңнан астам мүгедектігі бара адам тіркелген. Оның 310 мыңы ауылдарда тұрады. Өздеріңіз де жақсы түсініп отырсыздар, І топтағы мүгедектердің жәрдемақысы – 89 128 теңге.

Министрліктердің өкілдері, «Отбасы банк» өкілі мүгедектігі бар адамдардың баспана алуына, баспана жалдауына республикалық, облыстық маңызы бар қалаларда, моноқалаларда жағдай жасалатынын айтып отыр. Ал ауылдардағы, аудан орталықтарындағы мүгедектігі бар адамдар не істеуі керек? Ауылдарда үй салынбай жатқанына 30 жыл болды. Жәй жер үйлер бар. Сол жер үйлерді сатып алуға мүмкіндік бола ма? Әкімдіктің құзыретіне жататындай етсек бола ма? Біз сиырға қора салуға субсидия беріп жатқанда, мүгедектер сиырдың қатарына да жарамай қалды ма?», – деп сұрады депутат.

Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Тимур Қарағойшин мемлекет бюджеті ауылдағы ескі үйді сатып алуға жұмсалмайтынын айтты.

«Ауыл мен ауданда тұратын І және ІІ топтағы мүгедектерге бірінші нарықтағы жаңа үйден баспана сатып алуға рұқсат береміз. Ал құрылыс салынбаса, мемлекеттік қордан алуға рұқсат береміз. Бұл аудан әкімдеріне, облыс әкімдеріне де байланысты. Кейбір аудан әкімдері қоспәтерлі үйлер салды. Министрлік оған қарсылық қылған жоқ. Бірақ біз айтып отырмыз. Ескі үйлерді сатып алуға мемлекеттің қаржысын жұмсамаймыз. Бюджеттен оған қаржы жұмсамаймыз. Әкімдер, аудан әкімдері бар, мемлекет қорынан жаңа үйлер салып берсін.

І және ІІ санаттағы мүгедектер ешқашан несие ала алмайды. Оны бәріміз білеміз. Мүгедек асырап отырған отбасылар несие ала алады. Нақты санды айтайын, 70 мың адам 2 пайыздық несие ала алады. Қалғандары мемлекеттік қордан алу керек. Біз түгендеуді бастадық. Инвентаризация кезінде ешкім соттаспайды да. Қазір атында үйі бар мүгедектер кезектен шығарылып жатыр. Бірнеше үй алған адамдар бар. Осындай себеппен баспана кезегінен көпбалалы отбасылар көп шығарылып жатыр. Міне, осылай кезекті азайтамыз. Кезекті міндетті түрде азайтамыз», – деді Тимур Қарағойшин.