27 мау, 2022 сағат 13:41

Смағұлов Жоғары соттан G-Park компаниясына назар аударуды сұрады

Коллаж: ulysmedia.kz

Әділдік жолы Республикалық қоғамдық бірлестігінің басшысы Дидар Смағұлов G-Park құрылыс компаниясының басшысы Ғабит Сатмағамбетов пен елордалық кәсіпкер әйелдің соттасқан оқиғасы туралы айтып берді. Ол бұл іске Жоғарғы сот араласуы керек деп есептейді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz порталы.

«Бүгін біз сотқа дейін барып әділдік таппаған кәсіпкер әйел туралы айтпақпыз. Онымен екінші соттасқан әрі сот қолдаған адам – қалалық мәслихаттың депутаты, танымал «G-Park» компаниясының бас директоры Ғабит Сатмағамбетов. Көпшілікке ол қайырымдылықпен айналысатын едәуір ашық кәсіпкер ретінде белгілі. Мен ондай кісілердің қайырымдылығына тәнтімін. Алайда мен бүгін бір нақты жағдай бойынша сөз қозғамақпын», - дейді Әділдік жолы бірлестігінің басшысы.

Дидар Смағұловтың айтуынша, кәсіпкер әйел 2019 жылы Ғабит Сатмағамбетовпен келісімшартқа отырған. Уағдаластық бойынша ол әйел депутатқа 1,5 га жер береді. Ал ол жерге үй салған депутат сонда салынған бүкіл жылжымайтын мүліктің 10 пайызын беруге міндеттеледі. Арада екі жарым жыл өткеннен кейін Ғабит Есмағамбетов өзіне жүктелген міндетті орындамаған көрінеді. Өйткені үй сол күйі тұрғызылмаған.

«Учаске бірден берілген. ЖШС тарапынан тек 1 пәтер, екі паркинг және бір кладовка берілген. Дәл осы жерде ең қызығы басталады. Жердің бұрынғы иеленушісі екінші тараптан нақты ақпарат алмай жатып, логикалық тұрғыда сотқа жүгінеді. Келісімшартты бұзып, жерді қайтаруды талап етеді. Екі жарым жылда шартын орындамағандықтан, солай істеген. Бірақ сот қараған істің екінші жағында – қалалық мәслихаттың ең үздік депутаты тұрған. Сондай атақты Сатмағамбетов мырзаның өзі алғаны белгілі», - дейді ол.

Смағұловтың айтуынша, сотта «талапкердің келісімдегі шарттары орындалып, жер компанияның меншігіне берілгенін, талапкердің талабы қанағаттандыруға жататыны» туралы шешім шыққан. Алайда шешім шыққанымен, судья мүлде басқа нормаға сілтеме жасай отырып, жер учаскесін қайтару талабын орындаудан бас тартқан.

«Достар бұл рейдерлікке ұқсамай ма? Судьялар Жаңа Қазақстанда рейдерлікке жол берілмейтінін ұғынуы керек. Осы жағдайдың өзі әділетті емес. Халық қалаулысы әрі елорданың ең табысты кәсіпкерлерінің бірі біздің сұраққа жауап берер деген үміттеміз», - дейді ол.

Дидар Смағұлов бұл іс Жоғарғы сот араласуы керек деп есептейді.