15 қыр, 2025 сағат 11:43

Соңғы апаттардан кейін ІІМ жолдағы тәртіпті күшейтеді

Фото: ашық дереккөз

Соңғы күндері елді есеңгіреткен бірқатар ірі жол апаттарына байланысты Ішкі істер министрлігі жол қозғалысына қатысушыларға арнайы үндеу жасады, деп хабарлайды Ult.kz.

11 қыркүйекте Маңғыстау облысында шағын автобустың аударылуы салдарынан 10 адам көз жұмды.

14 қыркүйекте Жетісу облысында үш көліктің соқтығысуы тағы 10 адамның өмірін қиды — апаттың себебі қарсы бағытқа шығу болған.

Қарағанды облысында да дәл осындай себеппен жол-көлік оқиғасы болып, 5 адам қаза тапты.

ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Ғалым Сарғұлов бұл оқиғалардың тек жол апаты емес, орны толмас адам шығыны екенін атап өтті:

— Барша жол қозғалысына қатысушыларға үндеу жолдаймыз: жол қателікті кешірмейді! Жылдамдықты арттыру. Қарсы бағытқа шығу. Қауіпті маневр жасау. Қауіпсіздік белдігін тақпау. Мұның бәрі адам өміріне қауіп төндіретін қателіктер. Қаза болғандардың отбасыларына қайғырып көңіл айтамыз. Бұл жай ғана жол апаттары емес. Бұл орны толмас адам шығыны, — деді Ғалым Сарғұлов.


Аталған оқиғалар бойынша қылмыстық істер қозғалды. ІІМ тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Ішкі істер министрлігі жолдағы бақылауды күшейтуде. Ауқымды тексерістер, рейдтер, қалааралық бағыттар мен жеке тасымалдаушыларға мониторинг жүргізіледі. Көліктің техникалық жағдайына және жүргізушілердің жауапкершілігіне ерекше назар аударылады.

Полиция жолдағы қауіпсіздік тек полицияның жұмысы емес. Бұл — әрбір азаматтың жеке тәртібі мен жауапкершілігі екенін еске салды.