16 қыр, 2025 сағат 12:24

Стоматологиялық қызметтерге зейнетақы төлемдері енді берілмейді

Фото: ашық дереккөз

Қазақстанда зейнетақы жинақтарын заңсыз шығару фактілеріне байланысты бірқатар өзгеріс енгізілмек. Денсаулық сақтау министрлігі 2021 жылғы 15 ақпандағы «Емделуге біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану қағидаларын бекіту туралы» бұйрыққа түзетулер әзірледі, деп хабарлайды Ult.kz.

Жобаға сәйкес, тістерді протездеу мен имплантациялау қызметтеріне зейнетақы жинақтарын пайдалану нормасы алынып тасталады. Бұл шешім медициналық құжаттарды қолдан жасау мен қаражатты мақсатсыз жұмсау жағдайларының жиілеуіне байланысты қабылданған.

«Отбасы банкінің» дерегінше, 2021 жылдан 2025 жылғы 20 тамызға дейін enpf-otbasy.kz платформасы арқылы «стоматологиялық қызметтер» мақсаты бойынша 757 млрд теңгеге 795 мыңнан астам транзакция жүргізілген. Оның ішінде 222 млрд теңгеден астам қаражат ТОП-20 клиникаға бағытталған.

Өтінімдердің басым бөлігі — 88,3%-ы стоматологиялық қызметтерге тиесілі. Негізгі клиникалар елдің ірі қалаларында шоғырланған.

Министрлік енгізгелі отырған өзгерістер денсаулық сақтау саласында қаражаттың мақсатты әрі ашық қолданылуын қамтамасыз етуге бағытталған.

Айта кетейік, Атырау облысында жалған стоматологиялық орталықтар арқылы 200 млрд БЖЗҚ қаражаты ұрланған.