15 шіл, 2025 сағат 10:57

Су саласы мамандықтарына грант саны 70%-ға артты

Фото: Pexels.com

Қазақстанда су ресурстары саласына маман даярлау бағытында нақты қадамдар жасалып жатыр. 2025–2026 оқу жылында су шаруашылығы бойынша студенттерге бөлінетін білім гранттарының саны 70%-ға өсіп, 1052-ге жетті. Бұл көрсеткіш өткен оқу жылындағы 618 грантпен салыстырғанда айтарлықтай жоғары, деп хабарлайды Ult.kz.

Гидрогеология мен гидрология сияқты пәнаралық бағыттарды есептемегенде, бұл гранттар тікелей су саласына маманданған мамандарды оқытуға бағытталған.

Салаға қызығушылықтың артып келе жатқанын көрсететін тағы бір дерек – өндірістік тәжірибеден өткен студенттер саны. Былтырғы 82 студентпен салыстырғанда, биыл бұл көрсеткіш 339-ға жеткен.

Сондай-ақ, жаңа оқу жылынан бастап Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті алғаш рет «Гидромелиорация» мамандығы бойынша студенттер қабылдайды. Бұл – су саласы бойынша білім беретін жоғары оқу орындарының саны артып келе жатқанын білдіреді.

Су ресурстары және ирригация министрлігінің Ғылым және инновациялар департаментінің директоры Лаззат Жүсіпованың айтуынша, бұл – Мемлекет басшысының су саласына жаңа, білікті мамандар даярлау жөніндегі тапсырмасын орындаудың маңызды кезеңі.

«Гранттар санының артуы – осы бағыттағы нақты қадам. Сонымен қатар, министрлік мамандықтың тартымдылығын арттыру мақсатында еңбекақыны көтеру және өзге де қолдау шараларын қолға алып жатыр», – деді ведомство өкілі.


Бүгінгі таңда су тапшылығы, климаттың өзгеруі және ирригациялық жүйелерді жаңғырту – ел дамуы үшін өзекті мәселелердің бірі. Осы тұрғыда кәсіби кадрлардың маңызы зор.

Оқи отырыңыз: "Дене шынықтыру мамандары сұраныста болады" – IT маманы ата-аналарға кеңес берді