06 қар, 2025 сағат 16:27

Тоқалдық туралы бастама: дәстүр ме, гендерлік теңсіздік пе?

Фото: Ашық дереккөз


Мәжіліс депутаты Абзал Құспанның «тоқал алуды заңмен реттеу қажет» деген пікірі қоғамда үлкен талқылау туғызды. Журналист Ербол Сейілханға берген сұхбатында депутат бұл мәселені моральдық немесе діни тұрғыдан емес, құқықтық және әлеуметтік тұрғыдан қарау керек екенін айтты. Депутаттың сөзінше, қазақ қоғамында екінші әйел алу бұрын ер адамның туысының жесірін немесе қамқорсыз қалған әйелді қорғау мақсатында жасалған. Ол – әлеуметтік қажеттіліктен туындаған дәстүр. Ал бүгінде бұл ұғымның мәні өзгеріп, көбіне жеке мүдде мен материалдық жағдайға байланысты қабылданатын шешімге айналған.


«Мен құбылыс ретінде бұған қарсымын. Бірақ мен қарсы болды екен деп, сіз қарсы болды екен деп, заңды тыйым бар екен деп тоқтап жатқан адам жоқ. Сондықтан мұны заңдастыру керек деп есептеймін. Тоқалдықты заңмен реттеу қажет», – деді депутат.


Осы орайда Ult.kz тілшісі осы мәселеге қатысты бірнеше маманды сөзге тартып көрді.


ҚМБД Шариғат және пәтуа бөлімінің маманы Елбек Тасболатұлы ер адам әйелдеріне тең қарай алмаса да сұрауы бар екен айтады.



Фото: muftyat.kz


«Шариғатымызда көп әйел алуға қатысты Құран Кәрімнің Ниса сүресі 3-аятында ер адам төрт әйелге дейін алуына болатыны айтылады. Ал енді теңдікті, әділдікті сақтай алмаса, бір әйелмен шектелгені абзал екені түсіндіріледі. Пайғамбарымыздың хадисінде Қиямет күні әйелдерінің теңдікті сақтай алмаған ер кісі бір жағы сал күйі қайта тіріледі дейді», – деп түсіндірді Елбек Тасболатұлы.


Ал саясаттанушы Қазбек Майгелдиновтың айтуынша, тоқалдықты заңдастыру, көп әйелділік, полигамия деген сияқты мәселелер әйелдерді кемсіту. Әйелдерді тауар ретінде, басқа да бір қоғамдағы төмендету.


«Подкастың соңында жүргізуші сұрақ қойғаннан кейін Абзал Құспан тоқалдықты заңдастыру мен заңды реттеу қажеттілігі туралы айтқан кезде, біріншіден, ол өзінің жеке пікірі екенін айтты. Одан кейін, "оны қоғам талқысына салу керек" деген де ұсыныс айтқан болатын. Менің ойымша, тоқалдықты заңдастыру, көп әйелділік, полигамия деген сияқты мәселелер әрине – әйелдерді кемсіту. Әйелдерді тауар ретінде қарау, қоғамда төмендету. Онсызда қазір бізде патриархал қоғамда әйелдердің тұлғалық тұрғыдан да қандай да бір кемсітушілікке алып келуі мүмкін. Одан кейін әрине, заманауи адам құқықтарының гендерлік теңдік қағидаттарына қайшы келеді. Жалпы әлемде полигиния әйелдердің қоғамдық субъектілерін, әлеуметтік тәуелсіздігін, өз өмірі туралы өзі шешім қабылдау құқығына шектеу алып келеді және төмендетеді. Бұл кері үдеріс. Енді мұндай тақырыптардың заң шығарушы органда көтерілуі, қайталап өтемін, "жеке пікірім" деп айтса да, дегенмен де депутат ретінде заң шығарушы органның өкілі болғаннан кейін, бұл – әйел құқықтарының, гендерлік теңдік саясатына кері әсер етуі мүмкін. Оны жоққа шығармау керек. Қоғамның өзі қызу талқылап жатқаны, соның бірінші көрінісі. Одан кейін Парламент деңгейінде қозғалған кез келген тақырып қоғамдық талқыға әсер етпей қоймайды», – дейді Қазбек Майгелдинов.


Саясаттанушының сөзінше, бұл тақырып алдағы уақытта көп талқылай беретін болса, белгілі бір бағыттағы әлеуметтік көзқарастарды қалыптастыруға ықпал да етіп қалуы мүмкін.


Фото: Facebook/Kazbek.Maigeldinov


«Сондықтан бұл жерде «айтылған – сөз атылған – оқ». Одан кейін бұл мәселе Қазақстанның халықаралық міндеттемелеріне де қарама-қайшылық тудырады. Жалпы Қазақстан – әйелдерге қатысты кемшілікті түзету туралы конвенция ратификацияланған бірлік теңдікті қамтамасыз ету бойынша өзінің халықаралық міндеттемелерін алған мемлекет. Сондықтан біз сөзбен айтқанда, заманауи, демократиялық мемлекетте шенеуніктер, оның ішінде халық сайлаған заң шығарушы органның өкілдері мұндай сұрақтарға қатысты принципиалды ұстанымды ұстауы керек. Ол ұстанымдар конституциялық принциптер, адам құқықтарының негізінде болуы керек. Яғни барлық азаматтардың заң алдында теңдігі, әйелдер мен ерлердің тең құқықтары, осындай мәселелерде өте ұқыпты болған жөн.
Жалпы кез келген резонансты, қоғамдық маңызды мәселелерде, тақырыптарда билікте болсын, шенеуніктер болсын, жалпы билік өкілдері болсын нақты бір ғылыми негізделген, құқықтық этикалық тұрғыдан объективті, әділетті позицияларды қолдауы қажет. Сондықтан популистік әрекеттерге жол бермеу керек. Ертеңгі күні екі түрлі, екі ойлы пікірлер болмас үшін барлығы ата заң негізінде, жалпы халықаралық нормаларға сай осындай мәселелерде нақты позиция болуы керек», – дейді Қазбек Майгелдинов.


Конституция мәтіні некенің «моногамия» екенін тікелей бекітпейді. Негізгі кепілдіқтер – некe мен отбасы, ана мен бала мемлекеттің қорғауында болуы (27‑бап), ал құқықтардың жалпы тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша ешкімді ешқандай кемсітуге болмайды (14‑бап). Демек, «екі немесе көп әйел алу» туралы кез-келген норма қолданыстағы заң мен сот алдында жұрттың бәрі теңдік қағидатына қайшы болмауы тиіс. Еркектерге ғана көп жұбай алуға рұқсат беріп, әйелдерге көп күйеуге (полиандрия) тыйым салу – гендерлік теңдікті бұзады деген конституциялық дау тудыруы әбден мүмкін.  Бұл туралы заңгер Бағдат Амандосұлы талдап айтып берді.


«Қазіргі кезде «моногамияға» негізделген: «Неке (ерлі‑зайыптылық) және отбасы туралы» Қазақстан Республикасының Кодексінде бір тараптың заңды некеде болуы – жаңа неке тіркелуге жол берілмейтіні тікелей айтады (11‑бап). Адамдар некеге отыратын адамдардың тікелей қатысуымен тіркеуші органдарда не арнайы мемлекеттік неке сарайларында қиылады (13-бап). Яғни некені діни мекемелерде тіркеп қана қоюға болмайды, себебі мемлекеттік мекемелер тарапынан неке тіркелмесе құқықтық қатынастар туындамайды, ал бірге азаматтық некеде тұру ол – заңды неке болып танылмайды. Сондықтан некелік қатынастарды заңдастыру үшін кемінде осы баптарды түбегейлі қайта өзгертіп толықтыру керек.

Қазақстан 1998 жылы CEDAW‑ға (Әйелдерге қатысты кемсітушіліктің барлық нысандарын жою туралы конвенция) қосылған. CEDAW Комитетінің № 21 Жалпы ұсынымы полигамия әйелдердің ерлермен теңдігіне қайшы, сондықтан оны ынталандырмау және тыйым салу керек деп бағалайды. Осы құжаттар ескерілмей жасалған заң жобасы халықаралық-құқықтық аренада сынға ұшырайды», – дейді Бағдат Амандосұлы.


Заңгердің айтуынша, Конституцияның өзі моногамияны атаумен бекітпесе де, адамдардың теңдік қағидасы мен CEDAW міндеттемелері еркектерге ғана артықушылық құқық беретін классикалық «тоқал алу» моделін конституциялық тұрғыдан әлсіретеді. Егер бірнеше жұбай институтын тең құқықты, кемсітусіз форматта қарастырса, бұл Отбасы кодексін кешенді реформалауды талап етеді.

Қолданыстағы заң бойынша ерлі‑зайыптылардың заңды режим ұғымы – ортақ бірлескен меншік (32–33‑баптар), дауда тең үлес қағидасы қолданылады (38‑бап). Егер бір еркекке бірнеше жұбай рұқсат етілсе, «ортақ мүліктің» шекарасы қалай қалыптасады: барлық жұбайлар арасында ма, әлде әр некелік одақтың өз ішінде ме? Бұл несие, кепіл, жұбай келісімі сияқты мәмілелерге де әсер етеді (34‑бап). Нақты үлестеу формуласы бекітілмесе, даулар күрт көбейеді.


Фото: zanger_bagdat.amandossuly



«Қазір неке шартымен заңды режимді өзгертуге болады (39–41‑баптар), бірақ ол да екі тараптың логикасымен рәсімделеді. Көп жұбай қатысатын келісімдердің жарамдылығы, нотариат нысаны, үшінші жұбайдың құқықтары, шарттың кейін қосылған жұбайларға таралуы – бәрі арнайы реттеуді қажет етеді.
Сонымен қоса, қолданыстағы заң бойынша мұраның бірінші кезегі – жұбайы, балалары, ата‑анасы (ҚР Азаматтық кодекске сәйкес). Бірнеше жұбай мәртебесі танылса, тірі қалған жұбайлардың үлесін және олар арасындағы үлес бөлудің ережесін қайта өзгертіп толықтыру қажет болады. (Отбасы кодексіндегі жұбай мәртебесі – мемлекеттік тіркеуден туындайды). Сондай-ақ кәмелеттік жасқа толмаған ортақ балаға алимент төлеудің тәртібі бар, ал жұбайды асырау (еңбекке жарамсыз, мұқтаж жұбай) дауға жиі айналады. Бір еркектің бірнеше жұбайға қатысты параллель міндеттемелері мен орындау кезектілігі анықталмаса, өндіріп алу қиындықтары көбейеді. Сот некені бұзғанда, бала мен (мүмкін) жұбайға төленетін төлемдердің көлемін айқындау одан әрі күрделенеді.
Жұбайға арналған жалдау тұрғын үйдегі құқықтар, медициналық ақпаратқа қолжетімділік/келісім, сақтандыру, зейнетақы/жоғалтқан асыраушы төлемдері – бәрі «жалғыз жұбайға» есептелген. Бірнеше жұбай болғанда кезектілік пен лимиттер бекітілуі қажет болады.
Жалпы тұрмыста жиі қолданылатын «азаматтық неке» термині – некені заңды түрде тіркелмей бірге тұру дегенді білдіреді. Заң бойынша тек қана бірге тұру неке болып танылмайды, сондықтан ондай қатынастарда жұбайлық құқықтар (мүлік, мұра, асырау) туындамайды. Көп жұбай институтын енгізу бұл араласуды түзетпейді; керісінше, кімнің «ресми жұбай», кімнің «бірге тұратын адам» екені шекарасын одан әрі құлдырату мүмкін.
Бір жағынан, қазір құқықтық қорғаныссыз жүрген «екінші әйел» пен одан туған балалар үшін мұра, алимент, тұрғын үй салаларында белгілі бір кепілдік пайда болуы ықтимал. Екінші жағынан, гендерлік теңдік өлшемі сақталмаса, әйелдердің келісімін «формальді» алудың, экономикалық тәуелділікті күшейтудің, отбасылық ресурстарды бір ердің айналасында қайта бөлу арқылы теңсіздікті арттырудың тәуекелі бар. CEDAW № 21 ұсынымы осындай салдарлар үшін полигамияны қолдауға болмайды деп бағалайды», – дейді Бағдат Амандосұлы.


Көп жұбай институты жоғары табысты азшылықтың пайдасына жұмыс істеп, тұрмысы төмен әйелдер мен балалардың тәуекелін ұлғайтуы мүмкін (ресурстардың жұқа таралуы, баспанасыз қалу, білім‑саулық шығындары). Ал құқықтық тұрғыдан тіркеу рәсімдері күрделенсе, әлсіз топтар үшін қымбат/қолжетімсіз құқық қаупі туындайды. Осы орайда заңгер «мұндай ұсыныстарды жариялау құқықтық сана мен қоғамдағы заңға деген көзқарасқа кері әсер етуі мүмкін бе?» деген сұрағымызға былай деп жауап берді:


«Егер иә десек, онда түсіндірусіз қолданыстағы құқыққа қайшы нормаларды қалыпты құбылыс етіп көрсетіледі. Бүгінде некені діни мекемелерде тіркеу құқықтық қатынастар туғызбайды; оны «ресми құқыққа балама» ретінде насихаттау мемлекеттік тіркеудің маңызын әлсіретіп, заңға бағынушылықты төмендетеді.
Ал жоқ десек, онда талқылау құқықтық‑сапалық стандарттарға сай жүргізіледі. Ашық талқылауда Конституциядағы жұрттың заң алдындағы теңдік қағидасы, CEDAW міндеттемелері, отбасы құқығының нақты нормалары көрсетіліп, кез келген реформа – кемсітусіз, баланың мүддесін басымды қоятындай етіп, құқықтық техникалық шешімдермен бірге ұсынылса, құқықтық санаға оң әсер етуі де мүмкін.
Қорытындылай келгенде, Ерлерге ғана рұқсат ететін классикалық «тоқал алу» моделі 14‑баптағы жұрттың заң алдындағы теңдікке және Қазақстанның CEDAW міндеттемелеріне қайшы келу ықтималдығы өте жоғары.
Депутат Абзал Құспанның бұл мәселені заңдастыру ойы шын мәнінде Неке және отбасы кодексінің 2, 11, 29–41, 32–38‑баптарына, сондай‑ақ мұрагерлік және әлеуметтік төлемдерге қатысты нормаларға кешенді түрде өзгерістерді талап етеді.
Ал қорғалмаған әйелдер мен балалардың құқықтарын күшейтемін деу үшін енгізілген норма, егер адамдардың заң алдындағы теңдік пен нақты кепілдіктері бекітілмесе, керісінше теңсіздікті ұлғайтуы мүмкін», – дейді Бағдат Амандосұлы.


Ал ақын Ақгүл Адайбекованың айтуынша, қазақ әдебиетінде әйел ешқашан жалаң махаббаттың нысаны болған емес. Ал бүгінгі заман найза мен қылышты ары-бері сермейтін заман емес, сана мен жауапкершіліктің заманы.


Фото: Ақгүл Адайбекованың парақшасынан



«Әйел адамгершіліктің, мейірімнің, сұлулық пен тектіліктің символы. Ал ер адамның жүрегінде бірнеше әйелдің бейнесі қатар өмір сүруі сезімнің қадірін жоғалтып, махаббатты саудаға салғанмен тең. Бір әйелге адалдық  рухтың тұтастығы, адамдық биіктіктің және поэтикалық тазалықтың көрінісі.
Бүгінгі заман найза мен қылышты ары-бері сермейтін заман емес, сана мен жауапкершіліктің заманы.
Қазір «әйелді асырау керек» дейтін баяғы жаугершілік кезең жағаны алып тұрған жоқ.  Тарихтағы полигамия ұлт аман қалу үшін ғана туған амал болатын.
Ал бүгінде қазақ әйелінің бейнесі мүлде басқа сипатқа ие. Олар қара басының қамын емес, ұлттың, қоғамның, ұрпақтың қамын ойлайтын деңгейде. Бүгінгі қазақ әйелдері – мінезімен, рухымен, қайсарлығымен он еркектің орнын басар тұлғаға айналды.
Сондықтан тоқалдық мәселесін «дәстүр» деп емес, нәпсіні заңдастыруға ұмтылыс деп қабылдаймын. Әрине, әр адамның тағдыры әрқилы, өмірде түрлі себеп бар. Бірақ ұлттық деңгейде ойлансақ, бізде шешілмеген басқа мәселе жоқ па? Солар мәселе таппай жатса, біз-ақ тауып берейікші. Алматының ауасының ластығы, жер сілкінісінің қаупі, қымбатшылық мәселелерін неге қаузамайды? Ұттың ұлылығы – рухани адалдық пен ой тазалығында. Ендеше, махаббат пен неке де соған лайық биікте болуы керек», – дейді Ақгүл Адайбекова.



Ал ақын Нұртас Тұрғанбектің айтуынша, тоқал тақырыбы биліктегілер тұрмақ, журналистер де қозғайтын мәселе емес. Өйткені қоғамда одан да маңызды мәселелер жетерлік.



Фото: Ашық дереккөз


«Тоқал алуды заңдастыру дегенде, адамдар қазір болмайтын нәрсемен айналысып кетті ғой. Одан да маңызды нәрселер көп. Адам өзінін жанын әрең бағып жүргенде не қылған тоқал ол?! Ертең өліп қалып бала-шағаң көп болсын дейтін баяғы жаугершілік заман емес. Қазір заман басқа. Болмайтын нәрселерге бас қатыратындарға таңғалам қазір.

Жалпы қоғамда одан да үлкен мәселелер толып жатыр. Қымбатшылықпен күресуден бастап, азық-түліктің қымбаттауы бар. Ең үлкен мәселе – қазір адамға қандай қолайлы жағдай туғызуға болады дегенді қарастыратын болса, бір бөлек. Тоқал алу, алмау, заңдастыру деген биліктегілер тұрмақ, журналистер де қозғайтын мәселе емес», –дейді Нұртас Тұрғанбек.



Абзал Құспанның «тоқалдықты заңдастыру» туралы пікірі қоғамда әртүрлі көзқарас тудырды. Бір жағынан, бұл мәселе әйелдер мен балалардың құқықтық қорғалуына қатысты сұрақтарды күн тәртібіне шығарды. Екінші жағынан, қоғамда теңдік пен әділдікке қарсы, тіпті популистік сипаттағы бастама ретінде қабылданды.

Дін мамандары бұл тақырыпты шариғат нормаларымен түсіндірсе, саясаттанушылар мен заңгерлер оны гендерлік теңдікке, конституциялық принциптерге және халықаралық міндеттемелерге қайшы деп бағалады. Ал мәдениет және әдебиет өкілдері бұл бастаманы қоғамның рухани деңгейін төмендететін құбылыс ретінде сынға алды.


Ақбота Мұсабекқызы