Фото: ҚР ДСМ
Павлодарлық 77 жастағы Тамара Суслова – өмірлік жігері мықты әйел. Ол өмірінде үш рет онкологиялық диагнозға тап болып, әр жолы бұл дертті сәтті жеңе білді, деп хабарлайды Ult.kz.
Алғаш рет оған бұл диагноз 20 жыл бұрын қойылды: сүт безінің сирек кездесетін Педжет ауруы. Сол кезде оған мастэктомия жасалып, 10 курс сәулелік терапия жүргізілді. Ол мойымады, өмірін белсенді түрде жалғастырды.
Кейін тоқ ішектің қатерлі ісігі дерті ерте сатысында анықталып, сәтті алынып тасталды. Химиотерапиясыз өтті.
Арада он жыл өткенде жаңа белгілер пайда болды: әлсіздік, жүрек айну, 16 келі салмақ жоғалту. Диагноз – асқазан қатерлігі ісігінің III сатысы. Павлодарлық дәрігерлер операциядан бас тартуға кеңес берді, ал химиотерапия тым ауыр болатындай көрінді. Тамара Ивановнаның қызы оны Кореяға алып кетті. Бір курс терапия – 5 миллион теңге.
Қазақстанға оралған соң қызы емнің жолдарын әрі қарай іздестірді: моралдық тұрғыда қолдап, оны түрлі шипалы орындарға апарып жүрді. Шешім Астанадағы Ұлттық ғылыми онкология орталығынан табылды.
«Пациент бізге үшінші онкологиялық диагнозбен, яғни асқазанның қатерлі ісігімен келді. Бұған дейінгі екі ауру да сәтті емделген. Келген кездегі жағдайы жақсы болды, онкология бар деп айта алмайсың. Өте позитивті адам, өмірге құштар, күрескер. Жеңіске сенімді болды. Диета сақтайды, тәртіпті пациент», – дейді ҰҒОО абдоминалды хирургия секторының аға ординаторы Алтай Керімқұлов.
Дәрігерлер HIPEC – гипертермиялық ішперделік химиотерапия технологиясын қолданып операция жасау туралы шешім қабылдады. Операция сәтті өтті. 11-күні пациент ауруханадан шығарылды.
Химиотерапия оң нәтиже беріп, ісіктің ішінара кері дамуы байқалды. Иммундық химиотерапияның қайталама курстары тағайындалды. ҰҒОО дәрігерлері үмітпен қарап отыр.
«Қазіргі таңда біздің медицинаның деңгейі барлық көмек түрін көрсетуге толық мүмкіндік береді. Бұл үшін шетелге шығудың қажеті жоқ. Кореядағыдай емді біз де ұсына аламыз», – дейді онкохирург.
HIPEC (Hyperthermic Intraperitoneal Chemotherapy) – жоғары технологиялы емшара, оның барысында операция кезінде іш қуысына қыздырылған химиопрепарат ерітіндісі енгізіледі. Ол шамамен бір жарым сағат бойы айналып, көзге көрінбейтін ісік қалдықтарын жояды. Бұл әдіс Қазақстанда алғаш рет ҰҒОО-да енгізілген және пациенттерді емдеуде табысты қолданылып келеді.
Тамара Ивановна күресін жалғастыруда. Ол үмітпен, сеніммен өмір сүруде:
«Мен: «Мен өмір сүргім келеді», – деймін. Маған не ұсынылса, бәрін жасаймын. Мен дәрігерлерге үлкен үміт артамын. Бұл – біздің ортақ ісіміз. Ал ортақ іс – сауығуға алып келеді».
