12 қыр, 2025 сағат 17:40

Трансұлттық интернет-алаяқтар тобының қызметі тоқтатылды

Фото: Polisia.kz

Қазақстан, Қырғызстан және Ресейдің Ішкі істер министрліктері бірлесіп жүргізген операция нәтижесінде ТМД елдерінің азаматтарына интернет-алаяқтық жасаған қылмыстық топ әшкереленді, деп хабарлайды Ult.kz.

8 қыркүйекте күдікті Бішкекте ұсталды. Оның жалға алған пәтерін тінту кезінде 32 слотты сим-бокс, 70-тен астам өзге тұлғалардың атына рәсімделген SIM-карта, IP-адрестерді жасыруға арналған құрылғылар, компьютерлер мен телефондар табылып, тәркіленді. Алдын ала мәлімет бойынша, ол бұл әрекеттері үшін аптасына 500 АҚШ доллары көлемінде сыйақы алып отырған.

Мұндай құрылғылар қылмыскерлерге банктер, мемлекеттік органдар мен маркетплейстердің атынан жаппай жалған қоңыраулар шалып, хабарламалар жіберуге мүмкіндік береді. Нәтижесінде азаматтардың қаржысы мен жеке деректері ұрланған.

Жалпы жыл басынан бері Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаменті 77 сим-боксты және алаяқтар пайдаланған 90 мыңға жуық SIM-картаны тәркілеген.

Айта кетейік, 16 қыркүйектен бастап дроптардың іс-әрекетіне жауапкершілік енгізу, онлайн-несие рәсімдеуді шектеу және SIM-карталардың айналымын реттеу туралы жаңа заң нормалары күшіне енеді.