28 сәу, 2022 сағат 14:57

Түркі өркениетінің ұлы тұлғалары


Түркі өркениетінің ұлы тұлғалары

(Естеми мен Мұқан қағандар)

Бұл мақалада ұланғайыр Еуразия даласын билеген Түркі қағанатының негізін алғашқылардың бірі болып қалаған Естеми қаған мен Мұқан қағандардың тарихы баяндалады. Тарихын тасқа қашап жазып қалдырған бабаларымыздың артында өшпес із қалдырып, әлем сахнасында өзіндік рухани мәдениеті мен өркениетін жасаған, көптеген ұлыстар мен ұлттардың түп негізін тектеген Естеми қағанның өмірі мен інісі Мұқан қағанның және олардың бүкіл болмысы тарихи деректермен салыстырмалы түрде зерттеледі. Сонымен қатар, ұлы Түркі қағанатының кең байтақ сахарада өмір сүріп, Ұлы Жібек жолындағы көптеген ортағасырлық қалалардың дамуына үлес қосып, Түркі мемлекетін қалыптастырған ұлы тұлғалардың өмір жолы ғылыми тұрғыда зерделеніп айтылатын болады.

Ұланғайыр түркі даласын жайлаған барша түркі тайпаларының басын бір тудың астына біріктіріп, Азияда теңдесі жоқ ірі мемлекет құра білген ағайынды Бумын қаған мен Естеми қағанның тарихи есімдері мәңгілік тасқа қашалып жазылып, бүгінгі ұрпағына жетті. «Ер есімі ел есінде» дегендей артында қалған ұрпақтары мен халқы ешқашан оларды ұмытпақ емес. Қанаттыны сындырып, тізеліні бүктіріп, аш халқын тоқ қылып, аз елін көп қылып, дұшпандарын жоқ қылып кең байтақ далада Түркі деген атауды әлемге жайған қос тұлғаның аты ешқашан өшпей осылайша тарихта қалды. Біздің қозғағалы отырған ғылыми мақаламыз да осы екі тұлғаның бірі, атағы жер жарған ұлы қаған Естеми туралы болмақ. Айтар ойымызды ұшқырлап алар болсақ негізгі қағидамыз Естеми қағанның қай жылдары қаған болып, елді қанша жыл билегені болмақ. Себебі, тарихта бұл тұлға жөнінде көп айтылып, көп жазылып жүргенімен оның нақты қай жылдары өмірден озғаны туралы және билік басында неше жыл отырғаны әлі нақты айқындалмаған дерек еді. Тарихта ағасы екеуі ең алғаш Түркі деген атпен 545 жылдары шығып, үлкен империя құра білді. 552 жылы Түркі қағанаты нақты мемлекетке айналып, Еуразия даласының жартысын жаулап алды. Сол дәуірдегі дүркіреп тұрған Жужан қағандығын талқандап, қытайға дейін алым-салық салдырып, өздері тасқа қашап жазғандай халықтың әл-ауқатын жақсартып, бір тудың астына жинады. Бірақ, өкінішке орай Бумын қаған ұзақ өмір сүрмей 552 жылы ерте дүниеден озды. Оның тағына інісі Естеми қаған отырды. Бірақ, ұзамай бұл да қайтыс болды. Міне, тарихтың шатасып жатқан жері де жаңылысып кеткен тұсы да осы жер еді. Өйткені, біз Естеми қағанды 572 жылға дейін өмір сүріп, тарихта Дизабул деген лауазыммен қаған болды деп айтып жүрміз. Ал шынында да бұл дерек осылай ма? Егер осылай болған болса неге өз атауы мүлдем аталмай кетті және қытай деректері бұл туралы не айтады? Егер Дизабул қаған осы тұлға болса неге ол Батыс Түркінің ғана қағаны болды? Неге үлкен тақта Алтайда отырмады? Міне, жауабы жоқ осындай сан сұраққа жауап іздеп, ғылыми өз көзқарасымызбен зерттеп, зерделеп, тарихтың осы тұсын деректер арқылы ашып, анықтауды мақсат тұттық.

Әлқиссадан бастасақ алдымен сонау Жужан қағандығы кезіндегі түркілердің өмір тарихына көз жүгіртейік. Көптеген зерттеушілер Жужан мемлекетін әртүрлі тайпалардан құралған рулардың одағы санайды. Оның ішінде күштеп бағындырылған түркі рулары да бар деп есептейді. Яғни, Бумын мен Естемидің әкесі билеген түркілер Жужан елінің темірін өндіріп отырған металургтер қызметін атқарғанды. Осы жерде біршама Жужан қағандығы туралы айта кетейік. Жужан қағанаты 400 жылдары қазіргі Маңғолия территориясында құрылған көшпелі тайпалардың одағы болатын. Әу баста бір ғана Моғұлай қарақшының басшылығымен жиналған тобырдан үлкен империяға айналды деп ғалымдарымыз айтып жүр. Бұлардың көпшілігі бұрын Ұлы Ғұн ордасының құрамында болған тайпалардан шыққаны белгілі. Жужандар қауымдастығы алғашқыда Орталық Алтай тауларының шығыс баурайында орналасып, бірте-бірте кең аумақты иелене бастады.. Бірақ, шынында да бір ғана қашқын қарақшының айналасына жиналған тобырдан үлкен мемлекетке айналып кетуі де менің көзқарасыма сәйкес келмейді. Өйткені, ешқандай ел, болмаса ру өз аталастарынан безініп бір қарақшының қасына топтасты деген сенгісіз нәрсе. Ал, тарих көзімен қарайтын болсақ, бұларға бағынған тайпалардың барлығы да рулас, аталас, қандас ұлыстар еді. Моғұлай да ешқандай құл емес, ол да тегі ақсүйек қаракөктің тұқымы. Мұны құл деп жазып жүрген көзі қысық, сөзі қисық қытай тарихшылары болатын. Себебі, олар барлық түркі тайпаларын құл көріп, өздерін асқақ санаған аспан асты еліміз деп шіренетін сасық пиғылдары еді.. Әйтпесе, қасқыр тектес түркі тайпалары қайдағы бір құлдың астында бодандықта жүрді дегенге ешкім де сенбейді және ондай төмен дәрежеге түспес те еді. Яғни, Жужан қағанатын құрған алғашқы қағаны да қалай болғанда да хан тұқымының бірі екені айдан анық. Ұлы қаған ұрпағы болмаса бағына қоймайтын түркілер қалайша бір құлға бағынады? Тек, Моғұлай осы түркі руларының бірінен шыққан екендігін мойындау керек. Сахарада далиып жатқан кең байтақ Еуразия даласының шығысы мен батысына дейін жайлап жатқан түркілер екенін аңғаратық болсақ, бұған сенбеске амалымыз жоқ.

Сөйтіп, Жужан қағанаты айналасындағы барлық ұлыстарды жаулап алып, ұлы қағанатын құрды. Оның құрамында Қаңлының Теле тайпалары, Үйсіннің Ашина рулары, Ғұндардың Тоба тайпалары сияқты ең ірі ұлыстар да болды. Ашина тайпалары Алтай тауында темір өндіріп, оны іске асырумен айналысып жатты. Осылайша қағанаттың бағы жанып, мамыражай өмір сүріп жатқан күндердің бірінде, олардың күшейіп бара жатқанынан қауіптенген қытайлар, 545 жылы оларға бағынышты түркілердің басшысы Бумынға елші жібереді. Бұл – қытай жымысқыларының арам ой еді. Олар Бумынмен саяси одақ құрып, оларды Жужандарға қарсы қою тактикасының бірін қолданды. Осы жыл тарихта Түркі қағанатының құрылған жылы болып есептеледі. 546 жылы бұрын Жужан Қағанатына бағынып келген теле тайпасы да Түркі қағанатына қосылады. Бұл кезде Жужан қағанатының қағаны Анахуан болатын. Ол шексіз билікті иеленіп, көкірегіне нан пісіп, абыройы асқақтап кеткені соншалық халықтың үніне құлақ аспады. Бұған шыдай алмаған Тоба тайпасы тал-тұяғымен үдере көтеріліп қарсы шығады. Міне, дәл осы сәтті өз ниетіне дұрыс пайдалана білген Бумын мен Естеми қаған 50 мың үйлі Тобаларды күшпен басып, өзіне бағындырады. Осылайша күшейіп алған түркілер 552 жылы Жужан Қағанатына жойқын шабуыл жасайды. Мұны өзінің одақтасының көтерілісшілерді басқаны деп түсінген Жужан ханы Анахуан Бумын туралы жаман ойламады. Қайта оған бүлікшілерді басты деп қуанды. Ал Бумынның ойы мүлде басқа болатын. Теле мен Тобаларды бағындырып күшейіп алған соң түркі қағаны Анахуанға терезесі тең ел ретінде қызына айттыру салды. Бұл туралы қытайдың «Жоунама» билік баянының 50 бума 42 баяны Түрік бөлімінде былай дейді: «12 (546) жылы Тамын да жергілікті бұйымдарын тарту етуге елшісін жіберді. Осы кезде телектер нөнелердің (Жужандар) үстіне аттанды. Тамын өз жасақтарымен тосқауылдап оларды талқандады. Осылайша 50 мыңдай түтін бұларға берілді. Бұлар едәуір күшейген соң нөнелерден қыз айттыруға араға жаушы салды». Бұл үрдіс түркілердің Жужандарға қарсы соғыс бастау үшін көрсеткен негізгі сесі еді. Бұған қатты ашуланған Анахуан оларды «менің теміршілерім, құлдарым» деп қорлай намысына тие сөз қатты. Осы  кезеңді арнайы күтіп отырған Бумын мен Естеми қағандар бірден оған қарсы соғысты бастап кетті. Себебі, түркілер өздерінің күші мен әскери дайындығына өте нық сенімді болды. Жужан Қағанатының соңғы қағаны Анахуан (кейбір деректерде Анағұй) түркілерден тас-талқан болып жеңіліп, өзін-өзі өлтіруге мәжбүр болды. Жужандардың аман қалған соңғы бөлігі батысқа қарай үдере көшті. Артынан қалмай қуған Түркі әскерлерінің қолбасшысы Истеми (Істемі) оларды Каспий теңізінен әрі асырып тастады. Европаға қашып-пышып барған Жужандар, Еуропа тарихшыларының деректерінде “аварлар” деп аталып, Дунай мен Солтүстік Кавказды қоныстанды. Солтүстік Азияда орасан аумақты алып жатқан Жужан қағандығы 150 жылдай өмір сүрді.

Осылайша тарихтың тарпаң шыңында Алтай аймағында астаң-кестеңі шыққан алапат ұлы өзгерістер дүниеге келді. Жужан хандығы жеңілді, түркілер оларды талқандады. Тарихтың тарлан тамырында Ұлы Түркі қағанаты деген жаңа мемлекет жарық күндей жарқырап шықты. Бір жарым, екі жыл ішінде айналасындағы елдердің бәрін жаулап, қытайға дейін алым-салық салып та үлгерді. Өзге елдер үшін еуразия даласындағы ең күшті де қауіпті мемлекетке айналды. Мемлекеттің даму жүйесі де, экономикалық-саяси гүлденуі де осы екі қағанның көрегендігімен өміршеңдігін көрсетті. Бумын қайтыс болғанда таққа інісі Естеми қаған Қара Ыссық қаған деген лауазыммен отырады. Яғни, тарихта ең алғашқы «Қара қаған, қара хан» деген титулдық атауды алған да осы Естеми болатын. Ал Ыстық, Ісіг деген оның есімі болатын да, ал Қара деген лауазымы еді. Көптеген тарихшылар осы есімді Бумын қағанның баласы деп деп шатасып жатады, бұл баласы емес, інісі еді. Тарихшылардың шатасуына да себеп сол, қытай жазбасындағы оны Бумынның баласы деп жазуы еді. Қытайдың «Жоунама» билік баянында: «Тамын (Бумын қаған) өлгеннен соң баласы Қара таққа отырды. Қараның лауазымы – Ісіг қаған еді. Ол да Теңчүкісті (Жужан ханы) Уо-йенің солтүстігіндегі Мұғрат тауында талқандады» деген дерегіндегі Қара Ыссық Естеми болатын. Жұңғолардың оны баласы деп жазуы көп зерттеушілерді шатастырды. Егер ол баласы болса онда Естеми қаған қайда қалды? Естеми сонда таққа отырмағаны ма? Ал түркілердің өздері тасқа қашап жазған естелік жырларында: «Жоғарыда көк Тәңірі, төменде қара Жер жаратылғанда, екеуінің арасында адам баласы жаралған. Адам баласы үстіне ата-тегім Бумын қаған, Істемі (Істімі) қаған отырған» деген мақтау жырын қайда қоямыз? Яғни, Бумын қаған өмірден өткен соң орнына Естеми отырғаны шындық қой?! Және тарихтың шаң басқан біраз беттерінде Қара Ыссық хан Бумын қағанның баласы деген шежірелік деректер тарап кетті. Сондықтан мұның басын түбектелген түйіннен ашып алып, Қара Ыссық қаған Естемидің нақ өзі екенін, оның екінші есімі Ісігті Ыссыққа аударып жіберіп, қытайдың шалыс кеткен дерегіндегі баласы деген дереккөзге тарих санасының терең түкпірінен үңіліп қарауға кеңес берер едім. Сонымен, Естеми қаған да ағасының ісін әрі қарай жалғастыра отырып, Жужан қағанының үрім-бұтағын түгел жойып тынды. Түркінің кең-байтақ дархан даласында түркілердің ат-тұяғының дүбірі шексіз ойнап жатты. Қытай мен солтүстік елдерді бағындарған Естемиге ендігі кезекте оңтүстік қазақ жерлеріндегі Эфталиттер жерін жаулап, экономиканың негізгі тірегі болып отырған ортағасырлық қалаларды өзіне қарату еді. Өкінішке орай, 553 жылдың күзінде бір жарым жыл ғана тақта отырған Естеми қайтыс болады. Таққа інісі Бумын қағанның үлкен ұлы Мұқан қаған отырады. Міне, айтпақ ойымыздың негізгі өзегі де осы болатын. Себебі, 568 жылы Эфталиттерді талқандап, Тараз қаласының маңындағы Мыңбұлақ жайлауында Византияның елшісін қабылдап, олармен Парсыларға қарсы келіссөз жүргізген Естеми емес, Мұқан қаған болатын. Ол рум жазбаларына Дизабул деген атпен енді. Ендігі осыны дәлелдеу үшін сол дәуірдегі түркілердің барлық қадамын қағазға түсіріп, бақылап отырған қытай деректеріне көз салайық. 

Тағы да қытайдың «Жоунама» дерегіне жүгінейік: «2 жылы (553) наурызда Қара (Естеми) сарайға 50 мың жылқы айдатып елшісін жіберді. Қара өлген соң оның інісі Іркін Мұқан қаған деген лауазыммен таққа отырды. Іркіннің тағы аты Йеңді еді. Ол ерекше жаралған жан еді». Осында айтылып отырған Қара Ыссық, яғни Естеми қаған 553 жылдың күзінде көп ұзамай қайтыс болғаны. Осыдан кейін барып таққа Бумынның үлкен ұлы Мұқан қаған отырғанын нақты білуге болады. Яғни, тарихта Естеми қағанның аты өзі өлген соң мүлдем аталмай кетеді. Ал Мұқан қаған қытайша Сидоу, Сизоу деген атаумен Византияның да Парсының да тарихына енді. Қытайдың «Сүйнама» жазбасы 84 бума 49 баян Түрік бөлімінде: «Елетміш (Бумын) қаған өлген соң, оның орнына И қаған отырды. Кейінірек ол да аурудан қайтыс болды. Оның орнына баласы Шатуды емес, інісі Сідіні таққа отырғызды. Ол Мұқан қаған деп аталды» деген деректе Естемидің (И қаған) ағасы өлген соң ұзамай қайтыс болғаны және таққа Бумынның баласы, Естемидің інісі Мұқан қағанның Сидоу деген қытайша лауазыммен отырғанын байқаймыз. Әрине, қытай деректеріне сын көзбен қарау керек шығар, бірақ, бұл дерекке сыни көзбен қарап, тереңге бойлайтындай артық ештеңе айтылып тұрған жоқ, керісінше нақты деректі бізге жеткізіп тұр. Бабаларымыз түркілердің салт-дәстүрінде аға өлсе орнына інісі таққа отыратынын ескерсек, түрік хандары да сол дәстүрден таймағаны айқын. «Сүйнамада» бұл туралы Таспар қағанның өзі өлген соң тақты баласына емес, інісіне беріп кетуі айтылады. «10 жыл елін билеген Таспар ауруы асқынып өлер шағы болғанда, баласы Әміреге: «Туыстық жақындықта әке мен баладан артығы болмайды деп естуші едім. Ал менің ағам жақыным деп өзінің баласына тартпай тағын маған беріп кетті. Мен өлсем, сен Төременге жол бер» - деді. Таспар өлген соңорда біліктілері тақты Төременге ыңғайлады» дейді қытай жазбасы. Көріп отырғанымыздай тақ ағадан ініге ауысып отырғандығы.

Жужандарды талқандаған түркілер ендігі кезекті оңтүстік өңірге аударады. Бүкіл қолды бастап Эфталиттер мен парсыларға қарсы жорыққа аттанған Мұқан қаған оларды айналасы 4-5 жылдың ішінде талқандап шығады. Атағы дүркіреген Түркілердің еуразия даласының қожайынына айналғанын естіген Византия императоры олармен парсыларға қарсы одақтас болу үшін елшісі Земархты Мұқан қағанға жібереді. Мұқан қаған дәл осы сәтте Тараз қаласының маңындағы Мыңбұлақ жайлауында отырған болатын. 568 жылы өзінің алтын тағында Византия елшісін қабылдап, олармен парсыларға қарсы келісімге келеді. Осы бір тарихи оқиғалар Земархтың жазбаларына түседі. Земарх өз жазбасында Түркінің ұлы қағаны Мұқан қағанды Дизабул, Сидобул деген атпен жазып қалдырады. Ал бұл атау жоғарыда айтқанымыздай Естемидің емес, Мұқан қағанның қытайша Сидоу, Сизоу деген лауазымының өзгерместен тарих бетіне түскен кезі еді. Тағы бір дәлеліміз тарихта Естеми де Мұқан қаған да 20 жыл ел билеп тақта отырғаны айтылып та жазылып та жүр. Сонда екі қаған бір мезетте, бір мезгілде тақта отыруы мүмкін бе? Болмаса Естеми Мұқан қағанға бағынышты кіші қаған болып қалмай ма? Ал бұл өз кезегінде түркінің салт-дәстүріне келмейтін дүние. Тағы да «Сүйнамаға» жүгінейік: «Мұқан қаған 20 жыл ел биледі. Ол өлгеннен кейін орнына баласы Төремен емес, інісі Таспар қаған деген лауазыммен таққа отырды. Таспар қаған Шатуға Нұр қаған деген атақ беріп, мұқым шығыс жақты билетті. Өзінің інісі Нұқтан қағанның ұлын Бөрі қаған етіп тағайындады, ол батыс тарапта тұрды» дейді. Мұқан қаған Естеми қаған 553 жылы өлген соң таққа отырып, 572 жылы, кей деректе 576 жылы қайтыс болды. Міне, деректер бізге айқын тарихи оқиғаларды анықтап беріп тұр. Естеми қағанның ағасы Бумынның артынша өмірден озғанын қытайдың тағы бір дерегі анықтайды. «Солтүстік әулеттер тарихы» билік баянының  99 бума 87 баян «Түрік, Батыс Түрік, Телек» тарауында: «Түріктердің арғы аталары Батыс теңіздің оң жағын мекендеп, өз алдына ұлыс құрды.... Елетміш қаған өлген соң, орнына інісі Ай қаған таққа отырды. Ол да нөнелерді жеңді. Кейінірек ол да аурудан қайтыс болды. Орнына баласы Шатуды емес, інісі Ічүкті таққа отырғызды. Ол Мұқан қаған деп аталды». Осындағы «Ол да аурудан қайтыс болды» деген анықтамаға қарасақ ағасы Бумын қаған сияқты інісі Естеми қаған да ауырып өлгенін аңғару қиын емес. Яғни, Естеми де көп ұзамай жарты жыл ма, мүмкін бір жыл ма отырып барып өмірден өткендігі. Және оның қосымша «Ай қаған» деген лауазымының болғанын аңғарамыз. Сосын көп тарихшылар айтып жүрген Шету қаған Бумынның ұлы емес, Естемидің ұлы болғандығын осы дерек нақты дәлелдеп беріп тұр. Себебі, баласы Шетуді емес, інісі Бумын қағанның ұлы Мұқан қағанды таққа отырғызғаны айтылып тұр. 

Міне, бұл деректе де Бумынның інісі Естемидің Ай қаған деген лауазыммен таққа отырғандығы, сосын көп ұзамай қайтыс болғандығы тайға таңба басқандай жазылып тұр. Бұл жерден тағы бір білгеніміз Естемидің Ай қаған деген екінші бір лауазымының бар екендігі. Әрине, өзі өмірден ерте кеткен соң бұл атақтар айтылмай кеткені ақиқат, бірақ дерекке түсіп қалғаны біз үшін өте маңызды. Себебі, Бумын мен Естеми қағандар бір әкеден екі ұл ғана болғандығы. Қытайдың әрбір елу жыл сайын көшпенділер тарихын өздерінің хатына түсіріп отыратын ескерсек, бұл деректерде шынайылық бар деуге болады. «Жаңа таңнама» 215 бума (2) 140 баян (2) «Түрік (2)» бөлімінде: «Батыс Түріктің арғы атасы – Нағыд Түрік шадтың немересі Таму. Лауазымы Тай Ябғұ. Оның үлкен ұлы Тамын Елетміш қаған, екінші ұлы Істемі» екенін жазады. Сосын осы жерде айта кетер тағы бір дәлел, Мұқан қаған батысты жаулап келіп, осы өңірді өзінің ұлы Төременге беруі еді. Сол Төремен өмірден озған соң барып Естеми қағанның ұрпақтары билік басына келе бастайды. Бұл туралы «Солтүстік әулеттер тарихы» билік баянында: «Батыс Түрік Мұқан қағанның ұлы Төременнен басталады. Ышбарамен араздасуына байланысты ел екіге айрылып, Төременге қараған бөлігі біртіндеп күшті мемлекетке айналды. Шығыста Түкенге, батыста Күсән, Телек, и-уға дейінгі және жалпы Батыс өңірдегі хулар соған қарады». Байқап отырсақ Батысқа жорықты Шыңғысхандай бастап келген де Мұқан қағанның өзі екенін және осы Батыс өңірді өзінің үлкен ұлы Төременге бергенін дәлелдеудің еш қиыны туып тұрған жоқ. Керісінше, бұл бізге нақты тарихи оқиғалардың кімнен басталып, кіммен аяқталғанын және кімнің қай кезеңде тақта отырғандығын айқындап берген маңызды мәселе. Мұқан қаған өзі билік еткен 20 жылдың ішінде сонау Қиыршығыстан бастап Ұлы қорғанның теріскейінде жатқан жазық даланың барлығын және оңтүстігі Парсы шекарасына дейінгі аралықты бағындырып, Батыста Кавказ бен Византия мемлекетінің аумағына барып тірелді. Мұқан қағанның ерлігі мен жаулаушылығын қытайлар да тамсана жазып кетті. «Сүйнама» ғұмырлық билік баяны кітабында: «Мұқан қаған батыр да ақылды адам еді. Ол нөнелерге тағы да шабуылдап, оларды жойды. Батыста абдалдарды талқандап, шығыстан қытандарды қуды. Солтүстіктегі нұмдар мен тиектер оған түгел бағынды. Осылайша олар Кіндік қағанатпен үзеңгі қағыстырды. Кейінірек Батыс Уеймен күш біріктіріп, Шығыс Уейге шабуыл жасап Тәйюанға дейін келді» деп, ешқандай күш қарсы тұра алмайтын дәрежеге жетті. Бұл деректі толықтыра түскен «Жоунама» билік баяны да: «Іркін (Мұқан қаған) батыста абдалдарды күйретті, шығыста қытандарды үркітті, солтүстікте қырғұрларды өзіне қосып алды және Ұлы Қорғанның сыртындағы елдерді де айбармымен жасқап өзіне бағынуға мәжбүр етті. Оның жалпы иелігі шығыста Ляухәйдің батысынан Батыс теңізіне дейін 10 мың ли, оңтүстікте Құм шөлдің солтүстігінен Солтүстік теңізге дейінгі 5-6 мың ли жерді алып жатты» деп қытайлар еріксіз оның билігіне мойынұсына жазды.

Міне, әлемнің жартысын жаулап алған бабаларымыздың бас қағаны болған Естеми қаған емес, Мұқан қаған екенін тарихтың шынайы тізіміне енгізуге тиіспіз. Себебі, қытайлар түркілердің әрбір ауыл-аймағы мен қаған, батыр-билеріне дейін түгел кітапқа түсіріп отырғанын білсек, онда білдей ұлы қаған Естемиді, әрине, 20 жыл ел билеген болса, өздерінің хаттарына тамсана жазып қалдырар еді ғой. Мұның мәнісі ол ерте дүниеден өтіп кеткендігі. Ал, Мұқан қаған туралы барлық дерек жазылған, тіптен, қай жылы өлгені, қанша жыл ел билегеніне дейін тәптіштеп кітаптарына түсіріпті. Соған қарап, деректерді ғылыми талдап көргенімізде Тараз қаласы маңында Византия елшісін қабылдаған Естеми емес, Мұқан қаған деген тұжырымға келеміз. Бұл Естеми қағанды жоққа шығару емес, керісінше, солар бастап кеткен игі істі ұрпақтарының жалғастырғанын мақтанышпен айту еді. Әрі шынайы шындықты мойындай отырып, өз тарихымызды шатасудан сақтап қалып, ғылымның ақиқат тұрғысында дамуына қолдау көрсету мен тарихи оқулықтарға Мұқан қаған деп жазуды ұсынар едім. Өйткені, ертеңгі ұрпақ ғылыми зерттеуде және тарихын білуде жаңылыспаса екен деген ой ғана бізде. 

Пайдаланған әдебиеттер:

«Ұлы Түркі қағанаты (Қытай деректері мен түсініктер)». Құрастырушы және түсініктерін жазған: Шадыман Ахметұлы. ҚХР «Шыңжаң Жастар-Өрендер» Баспасы. Үрімжі – 2006

«Қытай жылнамаларындағы қазақ тарихының деректері» Алматы: «Өнер» баспасы, 2006 ж. Қытай тілінен аударғандар: Әбділдабек Ақыштайұлы, Кәкеш Қайыржанұлы, Шадыман Ахметұлы 

Асылжан Дулати

ҚР Журналистер одағының мүшесі

Ш.Мұртаза атындағы руханият және тарихтану

орталығының бөлім меңгерушісі