Фото: скриншот
Шардара ауданында қарт тұрғынның соққыға жығылуы мен қайғылы қазасына байланысты қылмыстық іс тергеліп жатыр, деп хабарлайды Ult.kz.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, Қоссейіт ауылының тұрғыны – Есіркеп Сәдібекұлы Садақбаев 2 қыркүйектен 3 қыркүйекке қараған түні қайтыс болған. Марқұм тірі кезінде дәрігерлердің бақылауында болған, оған «жүректің гипертониялық ауруы» және «омыртқа остеохондрозы» диагноздары қойылған. Дегенмен, ол дене жарақатына байланысты дәрігерлерге шағымданбаған.
«Туыстары дер кезінде қайтыс болу фактісін хабарламағандықтан, медициналық қызметкерлер өлімді тіркеу туралы анықтама бере алмады. Қазір мәйітке эксгумация жасалып, сараптама тағайындалды. Қорытындысы қосымша жарияланады», – делінген басқарма хабарламасында.
Бұған дейін марқұмның ұлына қатысты ҚР ҚК «Адам өліміне әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалғаны хабарланған. Ол уақытша ұстау изоляторына қамалды. Ал оның жұбайына қатысты «Адамдар тобы болып жасалған ұрып-соғу» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.
Оқиға қоғамда үлкен резонанс тудырды. Себебі көршілері түсірген бейнежазба әлеуметтік желілерде жарияланып кеткен. Кадрдан ер адамның әкесін ұрып жатқанын, ал жанында тұрған әйелдің әрекетке тосқауыл жасамағанын көруге болады. Кейін белгілі болғандай, қарт кісі көз жұмған.
