11 қар, 2025 сағат 15:51

Түркістанда 15 жасар мектеп оқушысы ауыр соққы салдарынан көз жұмды

Фото: Smartnews.kz

Түркістанда 15 жасар мектеп оқушысы ауыр соққы салдарынан көз жұмды. Әлеуметтік желілерде оқиғаға жасөспірімдердің қатысы болуы мүмкін деген ақпарат тарады. Полиция қылмыстық іс қозғады, деп хабарлайды Ult.kz SMARTNEWS.KZ-ке сілтеме жасап. 

Telegram-арналарда оқиға былай сипатталған: жасөспірім зират маңына шақырылып, бірнеше рет соққыға жығылған. Зардап шеккеннің ағасының айтуынша, төрт адам кезекпен ұрып, жүрек тұсына сегіз рет соққы жасаған.

«Жүрегі тоқтап қалған. Ұйқы безі де зақымданған. Ол сол жерде қайтыс болды», – деді туысы.


Марқұмның отбасы баланың әкесіз өскенін, физикаға қызыққанын және болашақта ҰҚК қызметкері болуды армандағанын айтты.

Түркістан облыстық полиция департаментінің мәліметінше, қайғылы жағдай 3 қарашада мектеп аумағында болған. Алдын ала ақпаратқа сәйкес, 9-сынып оқушысы құрдасын кеуде тұсынан ұрған, нәтижесінде жасөспірім оқиға орнында жан тапсырған. Күдікті және оқиға кезінде жанында болғандар анықталып, ұсталды. Тергеу ерекше бақылауға алынды.

Сонымен қатар, кәмелетке толмағандардың заңды өкілдеріне балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін орындамағаны үшін әкімшілік шара қолданылды. Аудан әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау комиссиясына тиісті ұсыныс енгізілді.

Ювеналды полиция мұндай жағдайлардың алдын алу мақсатында түсіндіру және профилактикалық жұмыстарды жалғастыруда.