Фото: ашық дереккөз
Түркістан қаласында азаматтарды жұмысқа орналастыруға арналған субсидия қаражатын жымқыру дерегі бойынша сот айыптау үкімін шығарды, деп хабарлайды Ult.kz.
Тергеу амалдарын Қаржылық мониторинг агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті жүргізген.
Тергеу мәліметінше, «Еңбек мобильділігі орталығы» мекемесінің бұрынғы директоры, «Жұмыс берушілерді қолдау» бөлімінің қызметкері және бірнеше коммерциялық ұйым басшылары бірігіп, бюджет қаражатын заңсыз алу схемасын ұйымдастырған.
Қызметкер кәсіпкерлердің электрондық цифрлық қолтаңбаларын пайдаланып, мемлекеттік бағдарламаларға қатысу туралы жалған өтінімдер берген. Өтінімдердегі лауазымдар да, жұмысқа қабылдау бұйрықтары да шындыққа жанаспайтын болған — азаматтар іс жүзінде еңбек міндеттерін орындамаған.
Кәсіпкерлер өздерінің туыстары мен таныстарын «бағдарламаға қатысасыңдар» деп банктік шот ашуға көндірген. Кейін бұл шоттарға жалған қызметкерлердің жалақысы ретінде қаражат аударылып отырған.
Ай сайын жүйеге жалған табельдер енгізіліп, сол құжаттар арқылы бюджет қаражаты «жұмысшылардың» шоттарына аударылған. Түскен ақша қолма-қол айналдырылып, ұйымдастырушылар арасында бөлінген.
Жалпы 78 адам жалған жұмысқа орналастырылған. Мемлекетке келтірілген залал 49 млн теңгеден асқан.
Сот үкімімен үш негізгі қатысушы 4 жыл 6 айдан 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылды. Ал екі кәсіпкерге 4 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.
Зиян сомасы сотталушылар тарапынан толық өтелген. Үкім заңды күшіне енген жоқ, тараптар шағымдана алады.
