27 қаң, 2026 сағат 15:39

Үкімет «Қазақстан балалары» бағдарламасын бекітті


Фото: Ақорда


Үкімет Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес «Қазақстан балалары» ұлттық бағдарламасын бекітті, деп хабарлайды Ult.kz.


Бағдарлама балалардың құқықтарын қорғауды жүйелеп, ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейтуге бағытталған. 2026–2030 жылдарға арналған іс-қимыл жоспары 158 нақты шараны қамтиды.


Құжатта балалардың қауіпсіздігі, құқықтық қорғалуы, денсаулығы, инфрақұрылымды дамыту және онлайн қауіпсіздік мәселелері қарастырылған.


ТҮЙТКІЛДІ МӘСЕЛЕЛЕР:


• «Соңғы жылдары балалардың сапалы медициналық көмек алу мүмкіндігі айтарлықтай жақсарды. Алайда, мамандардың,  дәрілік заттардың жетіспеушілігіне, балаларды оңалту мәселелері бойынша түсіп жатқан шағымдар аз емес.


• Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қолдаудың бірқатар жаңа тетіктері енгізілді. Бірақ оны тиімді іске асыру үшін тиісті жағдайлар мен арнайы мамандар – дефектолог, логопед, сурдологтер қажет.


• Балалардың, соның ішінде олардың цифрлық кеңістіктегі қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері әлі де өзекті.


• Көптеген ауыл балалары үйірмелер мен заманауи білім беру технологияларынан тыс қалады. Жасөспірімдерге тиісті көңіл бөлінбейді әрі олар өзін дамыту үшін тың мүмкіндіктерден айрылып отыр.


“Бұл бағытта жүйелі түрде жұмыс жүргізіп, Оқу-ағарту, Денсаулық сақтау, Еңбек және әлеуметтік қорғау, Ішкі істер министрліктері мен өңір әкімдіктері арасындағы ведомствоаралық үйлестіруді күшейту қажет.
Тұжырымдамада көзделген нысаналы индикаторлар балаларды дамытудың, қолдау мен қорғаудың орнықты жүйесін қалыптастыруы тиіс”, —  деп атап өтті Олжас Бектенов.