Фото: instagram.com/erkebulan_toktar
Танымал актер, спортшы Еркебұлан Тоқтар "үкіметтің жұмысына араласпаңдар" деп айтамын деп, басы дауға қалды, деп хабарлайды Ult.kz.
"Үкіметтің жұмысында не шаруаларың бар?! Әркім өз жұмысымен айналысуы керек қой. Қоғамдағы проблеманы қалай өзгертпекшісің? Мысалы мен өз жұмысыммен айналысамын, басқаның жұмысында шаруам жоқ. Өз жұмысымды жақсы істесем, өмірім жақсы болады. Тура сондай түсінік бүкіл халықта болуы керек. Үкіметтің жұмысына көңілім тола ма, толмай ма – айта алмаймын. Мен өз жұмысыма қатысты айта аламын. Өзімнің жұмысыма көңілім толады. Еңбектенемін, таңертең тұрамын, жұмыс істеймін. Сол кезде жақсы жағдай жасап, өмір сүремін", — деді актер.
Алайда актердің бұл пікірі желі қолданушыларының сынына қалды. Олар "Үкімет елге қызмет жасауы керек", "Қазақстанның болашағы қызық емес деп тұр ғой", "Үкіметтің жұмысына халықтың қатысы бар, жер байлығы халдықтың меншігі", десе, олардың арасында "Мынау әкім, депутат болатын бала ғой", деп мысқылдағандары да бар.
Алайда азаматтардың арасында кей бірі Еркебұлан Тоқтарды жақтап, "актер дұрыс айтады", "бұл саясаткер емес, спортшы" деп жатқандары да табылды.
https://www.tiktok.com/@ult.kz/video/7559616952776314124?_r=1&_t=ZM-90VeBxFhvbw
Көп ұзамай актер өз әлеуметтік желідегі парақшасында бейнежазба жариялап, қоғамда қызу талқыланған пікіріне түсініктеме берді.
"Журналист тоқтатып, сұрақ қойды. Мен сол сауалға жауап беріп, жеке көзқарасымды білдірдім. Әркім өз пікірін жазды — жақсы да, сын пікірлер де болды. Көпшілігі мені “үкіметтен қорқады” деп айыптады. Бірақ мен мемлекеттік қызметте емеспін, үкімет қаржысына түсірілетін фильмдерге қатыспаймын, сондай-ақ мемлекеттің ақшасын алып отырған жоқпын. Сондықтан биліктен қорқуымның жөні жоқ. Егер шын қорыққан болсам, жұртқа ұнайтын нәрсені ғана айтар едім. Ал мен өз азаматтық ұстанымымды ашық жеткіздім", — деді актер.
Оның айтуынша, мәселені кінә артудан гөрі, өз деңгейінде шешуге тырысу маңызды.
"Біреуді жазғырып, екіншісін кінәлаудың орнына, өзім өзгерте алатын дүниеге көңіл бөлемін. Егер жол ережесін бұзбасаң, айыппұл төлемейсің. Сол сияқты мен де білмейтін нәрсеге араласпаймын, өзім түсінетін іспен айналысамын. Өзгерте алатын нәрсені ғана өзгертуге тырысып жүрмін", — деп түйіндеді киножұлдыз.
