20 мау, 2022 сағат 14:36

Украинада соғысып жатқан қазақстандық Зеленскийден көмек сұрады - видео


Ресей-Украина соғысында украин әскері сапында соғысып жатқан қазақстандық сарбаз Жасұлан Дүйсембин Владимир Зеленскийден көмек сұрады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Украина президентіне жолдаған бейнеүндеуінде ол былтыр қыркүйек айында келісімшарт бойынша Украинаның қарулы күштерінің қатарына қабылданғанын, соғысқа дейін алдыңғы шетпе әскери борышын өтегенін, ал соғыс басталғанда қолына қару алып, Ресейге қарсы шайқастарға қатысып келе жатқанын айтты.

Соғыс басталысымен батыр қала Волноваханы азат етуге қатыстым. Волноваха бағытында қорғаныс шебін мықты ұстап соғыстым. Осы уақытта Украинаның азаматтығын алуға тырысқан едім. Өйткені Қазақстанда мені қылмыстық жауапкершілікке тартады, кем дегенде 9 жылға сотталуым мүмкін. Мені ұстау үшін қолда бар жағдайдың бәрін жасап жатыр. Ал мен Украинаның бостандығы, азаттығы мен әділдік үшін шайқастарға қатысып жатырмын.  Менің зайыбым – Украинаның азаматы. Осы жерде екі баламыз туған. Маған көп адам көмектесеміз деген. Алайда, ешкім ешнәрсе істей алмай отыр. Мен заңды тұрғыда қорғалғым келеді. Бірақ бәрі бос сөз күйінде қалып отыр. Осы кезге дейін бір ауыз сөз айтып, Украинадағы соғысқа қарсы шыққан ресейліктердің азаматтық алғанын естіген едім. Ал Украина үшін өміріне қауіп-қатер төндіріп, соғысып жатқан адамдар азаматтық тұрмақ, әскери билет те ала алмай жатыр. Сондықтан мен сізден басқыншыларға қарсы соғысу үшін азаматтық алуға көмектесуіңізді сұраймын, - деді Дүйсембин.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Нұр-Сұлтан қаласы бойынша департаменті Украинада соғысып жатқан қазақстандыққа қатысты сотқа дейінгі тергеуді бастағанын хабарлағанбыз.

Сотқа дейінгі тергеу Қылмыстық кодекстің 172-бабы (жалданушылық белгілері болмаған жағдайда Қазақстан Республикасы азаматының шет мемлекет аумағында қарулы қақтығысқа немесе соғыс қимылдарына қасақана заңсыз қатысуы) бойынша жүргізіледі. Бұл бап қылмыскерге 5 жылдан 9 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын беруді көздейді.