28 қыр, 2017 сағат 14:58

Ұлттық музейдің қоры молаюда

Елордадағы Ұлттық музей 2015 жылы «Ұлттық музейге сый тарту» атты акцияны бастаған болатын. Мақсаты – қарапайым халықтың қолындағы музейлік маңызы бар жәдігерлерді қорға алып, талапқа сай сақтау, экпозицияға қойып келушілердің назарына ұсыну. Бүгінге дейін осы акция нәтижесінде Ұлттық музейдің қанжығасына 3000-ға жуық жәдігер байланса, солардың былғарысы бальзамдалып, қағазы қапталып, ағашы кептіріліп мөлшерден артық жылу, жарық һәм жел тимейтін қорларға қойылды. Осындайда шелектегі қатықтың бетіне тоң май құйып, қазыны ұнға, сәбізді құмға тығып сақтап жататын әжелеріміз елестейді көзге.

«Ұлттық музейге сый тарту» акциясы барысында жиналып, музейдің қорынан орын алған жәдігерлердің қатарында ел тарихы үшін бағасы артық, құны өлшеусіз Кенен Әзірбаевтың домбырасы мен құран кітабы, Шәмші Қалдаяқовқа 1965 жылғы 4 ақпанда Шымкент облысының жастары сыйға тартқан «Кубань» пианиносы мен сазгердің қаракөл бөрігі,  Әзілхан Нұршайықовтың  «Nikon» фотоаппараты, Ермек Серкебаевтың 70 жылдығына Н.Назарбаев сыйлаған қол сағаты, Өзбегәлі Жәнібековтің «Цензор» қайшысы, Мадина Ералиеваның баяны, Жұмекен Нәжмеденовтің күлсалғышы, Роза Бағланованың сахналық көйлегі бар. Музей қорына алынған осынау жәдігерлердің барлығы арнайы мамандардың сүзгісінен өтіп, сұрыпталды, қажет деп табылғаны музей рестовраторларының шеберханасында қалпына келтірілді. Өңдеуден өткен жәдігерлер  экпозицияға қойылды. Музейге келген меймандар осынау жәдігерлерді де тамашалап жүр.

Күллі қазақ даласындағы құнды жәдігерлерді жинауды мақсат тұтқан Ұлттық музей 2017 жылғы 25 қыркүйекте Солтүстік Қазақстан облысының орталығы Петропавл қаласында да «Ұлттық музейге сый тарту» акциясын өткізді. Қызылжар өңірінде өткен акцияда Қожаберген жырау, Шал ақын, Тоқсан би Жабайұлы, Мағжан Жұмабаев сынды ақын-жырау, би-шешендерге арналған кітаптар, олардың фотосуреттері, Шоқан Уәлихановтың әжесі Айғанымның  қыстауында қолданылған ас үй тегенесі музей қорына  алынды. Петропавлда өткен акцияға барлығы 21 адам қатысып 236 жәдігерді Ұлттық музейге табыстады.

«Ұлттық музейге сый тарту» акциясы ұйымдастырылған Алматы, Қызылорда, Ақтөбе, Шымкент, Қостанай Орал қалаларының қатарына Қызылжар өңірі де қосылды. Алдағы уақытта еліміздің өзге өңірлерінде де бұл акция өткізілетін болады. 

Талапқа сай сақтамасақ кез-келген жәдігер, ары кеткенде, бір ғасырдың ғана куәсі бола алады. Халқымыздың кешегі тарихынан тәлім алып, мәйекті мұраларды келешекке аманаттаймыз десек мұраны сақтауға ерекше мән беруіміз керек. Музейлер мен арнайы орындарда сақталған жәдігерлер ғана мәңгі жасайды.

Досжан СҚАҚОВ

ҚР Ұлттық музейінің қызметкері