Фото: Kazgazeta.kz
2 ақпанда Қазақстанда Ұлттық басылым күні атап өтіледі. Бұл күн – отандық мерзімді баспасөз тарихының бастауы саналатын, 1913 жылы Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов бастаған ұлт зиялылары шығарған «Қазақ» газетінің алғашқы саны жарық көрген күн. Бұл туралы Ult.kz тілшісі мамандардан сұрап көрді.
Тарихи тұрғыдан алғанда, «Қазақ» газеті – тек ақпарат таратқан басылым емес, ұлтты оятқан, қоғамдық сананы қалыптастырған, елдік мұратты алға шығарған рухани мінбер болды. Сондықтан 2 ақпанның Ұлттық басылым күні ретінде белгіленуі – тарихи әділеттің орнауы деуге болады.
Ұлттық баспасөз – ренессанс кезеңінде
Ұлттық басылым күніне орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандық журналистерді құттықтады. Президенттің кеңесшісі – баспасөз хатшысы Айбек Смадияровтың хабарлауынша, Мемлекет басшысы бұқаралық ақпарат құралдарының Әділетті Қазақстанды құруда, қоғамда «Заң мен тәртіп» қағидатын орнықтыруда айрықша рөл атқарып отырғанын атап өтті.
Президент мерзімді баспасөз өкілдерін конституциялық реформалар мен мемлекеттік жүйені жаңғыртуға бағытталған ауқымды өзгерістерді жариялау кезінде конструктивті, жауапты ұстанымда болуға үндеді. Сондай-ақ патриотизм ұғымын жасампаздық пен жауапкершілік тұрғысынан түсініп, заңды құрметтеу арқылы тәуелсіздікті қорғау әр азаматтың борышы екенін айтты.
ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева да сала өкілдерін кәсіби мерекемен құттықтап, ұлттық басылымдардың бүгінгі даму бағытына тоқталды.
Оның айтуынша, Мемлекет басшысы «Turkistan» газетіне берген сұхбатында атап өткендей, отандық мерзімді баспасөз «ренессанс кезеңіне» қадам басты. Интернет пен цифрлық технологиялардың арқасында дәстүрлі газеттер мен журналдар аудиториясын кеңейтіп, жаңа форматта жаңғырып келеді.
Министр ұлттық басылымдарды қолдау ведомство қызметінің басым бағыттарының бірі болып қала беретінін айтып, журналистердің елдік реформаларды халыққа жеткізудегі кәсіби еңбегін ерекше атап өтті.
«Қазақ» – ұлттық баспасөздің атасы
«Қазақ» газетінің бас редакторы Жасұлан Мәуленұлы тарихи басылымның орны мен маңызына кеңінен тоқталды. Оның айтуынша, бұған дейін жарық көрген «Түркістан уәлаятының газеті» мен «Дала уәлаятының газеті» патша үкіметінің ресми қосымшасы ретінде шыққан, ал ұлттың мұңын ашық көтеріп, қоғамдық пікір қалыптастырған толыққанды ұлттық газет – «Қазақ» болды.
«Осыдан 113 жыл бұрын жарық көрген «Қазақ» газетін біз ұлт басылымдарының атасына балап жүрміз. Әрине, «Қазақтың тұңғыш газеті ол емес қой» деп бұған қарсы уәж айтатындар бар. Дегенмен, 1870 жылы Ташкентте жарық көрген «Түркiстан уәлаятының газетi» «Туркестанские ведомости» газетінің қосымшасы ретінде жарық көрді. Яғни, ол қазақ тілінде шыққан толыққанды газет болған жоқ. Және онда тек патша үкіметінің шешімдері, жарлықтары ғана жарияланды. «Дала уәлаятының газетi» де сондай болды. Сондықтан, сол қиын заманда салыстырмалы түрде ұзақ жарық көрген, ұлттың мәселесін ашық көтерген, жұрттың сауатын ашуда маңызды рөл атқарған «Қазақ» газетінің ұлттық баспасөз тарихында алатын орны зор. Бір қуаныштысы, 2023 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұйытқы болуымен «Қазақ» газеті жарық көрген күн, яғни 2 ақпан елімізде Ұлттық басылым күні мерекесі болып бекітілді. Алғаш мерекені 2024 жылы тойладық. Жап-жаңа мереке. Бұны сонау тоқсаныншы жылдары істеу керек еді. Ештен кеш жақсы. Бұл «Қазақ» – сол «Қазақтың» заңды жалғасы. Өйткені, «Қазақты» тұңғыш шығарушылардың бірі әрі газеттің жауапты хатшысы болған Міржақып Дулатұлының қызы Гүлнар Міржақыпқызы көзі тірісінде тарихи басылымды мойындап, қолына ұстағанда, үйіне әкесі кіріп келгендей әсерде болғанын өз естелігінде жазған болатын. Газеттің ғасырлық мерейтойында ҚР Еңбек Ері, Халық жазушысы Әбіш Кекілбаев: «Қазіргі қолымыздағы Қоғабай Сәрсекеев қол қойған газет сол», – деп бүгінгі газеттің заңдылығын жалпыға жария еткен болатын. Өкінішке қарай, газет тігіндісін ашып қарағанда «Қазақтың» екінші тынысын ашқан Қоғабай Сәрсекеев те, газеттің қайта шығуына атсалысқан тұлғалар да қазір ортамызда жоқ. Дегенмен, «тірі адам тіршілігін жасайды», газеттің екінші тынысын қайта ашқан қайраткерлер өмірден өтсе де, бұл күндері газет жұмысы тоқтап қалмай, өз оқырманымен қауышып келеді», – дейді «Қазақ» газетінің бас редакторы Жасұлан Мәуленұлы.
Ал әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасының оқытушысы Қарагөз Сімәділ Ахмет Байтұрсынұлының «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деген әйгілі тұжырымын алға тартады.
«ХХ ғасырдағы қазақ басылымдарының жауапкершілігі «Халықтың көзі, құлағы һәм үні» болудың маңызын түсінуден тұрды. «Қазақтың» 1-нөмірінде редакция оқырманға былай дейді: «Жұртқа мұрындық болатын нәрсенің бірі газет. Халыққа газеттің керегі қандай екенін айтып өткеніміз ұнамсыз болмас. Әуелі газет – халықтың көзі, кұлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек. Газеті жоқ жұрт басқа газеті бар жұрттардың қасында құлағы жоқ керең, тілі жоқ мақау, көзі жоқ соқыр сықылды. Дүниеде не болып жатқанын көру жоқ, не сөйленіп жатқанын есту жоқ, өз пікірін айту жоқ. Екінші, газет – жұртқа қызмет ететін нәрсе, олай болатын мәнісі жұрттың білімді, пікірлі, көргені көп көсемдері, оқығаны көп адамдары газет арқылы халықтың алдына түсіп, жол көрсетіп, жөн сілтеп басшылық айтып тұрады. Үшінші, газет – халыққа білім таратушы. Олай дейтініміз газеттен жұрт естімегенін естіп, білмегенін біліп, бірте-бірте білімі молайып, зейіні өсіп, пікірі ашылып, парасаты жетікпекші. Төртіншісі, газет – халықтың даушысы. «Жұртым» деп халықтың арын арлап, зарын зарлап, намысын жоқтайтын азаматтары газет арқылы халықтың сөзін сөйлеп, пайдасын қорғап, зарарына қарсы тұрып, қарғаға көзін шоқытпасқа тырысады. Газеттің пайдасын білімді, өнерлі халықтар көбірек біледі.Сондықтан неғұрлым білімді, өнерлі халық болса, солғұрлым газет-журналдары көп»...
Иә, қазаққа керек сөзді теңіз түбінен маржан тергендей қылып елеп-екшеп жариялаған «Қазақ» газеті ағартушылық, саяси-әлеуметтік жаңғыру, ұлттық тұтастық пен бірігу мұратына адал болды. «Қазақ» газетінде басылған сөз қазақ даласын оятты, қазақ даласындағы ұлттық бірегейлікті қалыптауға үлес қосты. Қазақтың мұраты ғана емес, дүниенің тыныс-тіршілігі, ғылым-білімі де осы басылым арқылы қазақ оқырманына жетті. ХХ ғасыр перзентін толғандырған ой, сөз бен идея, мұрат та осы баспасөз арқылы таралды. Демек, өткеннің ізі таңбаланған бұл басылымның қазақ үшін ғана емес, дүниенің баласы үшін жасаған еңбегі ұшан-теңіз», – дейді Қарагөз Сімәділ.
Бүгінгі Ұлттық басылым күні – тек кәсіби мереке емес. Бұл – қазақ қоғамының өткеніне тағзым, бүгінгісіне жауапкершілік, болашағына сенім білдіретін күн. Өйткені бүгінгі баспасөз – ертеңгі тарих. Ал тарихты хатқа түсіріп, ұлт жадында сақтайтын басты құрал – баспа сөзі.
Ақбота Мұсабекқызы
