Фото: ашық дереккөз
Ұлыбританияда 16 жасқа дейінгі балаларға әлеуметтік желілерді пайдалануға тыйым салынуы мүмкін, деп хабарлайды Ult.kz The Times газетіне сілтеме жасап.
Басылымның мәліметінше, үкімет мүдделі тараптармен жазда өтетін консультациялар аяқталғаннан кейін бірден әлеуметтік желілерді пайдалануға шектеу енгізуге уәде берген.
Қарастырылып жатқан шаралардың қатарында 16 жасқа толмағандарға әлеуметтік желілерді қолдануға тыйым салу, ұялы телефондарға «коменданттық сағат» енгізу немесе тәуелділік тудыратын функцияларды, соның ішінде жаңалықтар таспасын шексіз айналдыруды шектеу бар. Сонымен қатар министрлер балалардың чат-боттармен өзара әрекеттесуін шектеу және порнографиялық контентті көру үшін пайдаланылуы мүмкін VPN қызметтеріне қолжетімділікті бұғаттау мүмкіндігін де талқылап жатыр.
«Мәселе қосымша шара қабылдаймыз ба, жоқ па дегенде емес, нақты қандай шаралар болатынында», – деген үкіметтегі дереккөз.
Премьер-министр Кир Стармер резиденциясы – Даунинг-стритте ықтимал тыйымның қалай жұмыс істейтінін нақтылау үшін консультациялар қажет екені айтылды. Алайда жексенбі күні жарияланған өзгерістер министрлерге жаңа заң толық күшіне енгенін күтпей-ақ әрекет етуге мүмкіндік береді.
Осыған байланысты үкімет Балалардың әл-ауқаты және мектептегі білім беру жүйесі туралы заң жобасына өз түзетуін енгізбек. Құжат келесі айда Қауымдар палатасына қайта ұсынылған кезде, бастаманы қолдамайтын партияластардың болуы мүмкін екені айтылып отыр.
