19 қаң, 2026 сағат 15:15

Жат жұрттың жастары неге Қазақстанды таңдайды?


Фото: depositphotos.com


Соңғы жылдары Қазақстан Орталық Азиядағы білім беру хабы ретінде шетелдік талапкерлер үшін барған сайын тартымды бола түсуде. Елдегі университеттердің халықаралық аккредитациядан өтуі, оқу бағасының салыстырмалы түрде қолжетімді болуы және көптілді білім беру жүйесі – шетелдік студенттер ағынын арттырған негізгі факторлар. Ендеше, Қазақстанда шетел азаматтары қалай оқуға түсе алады? Шетелдік студенттердің Қазақстанға пайдасы қандай? Бұл мәселені Ult.kz тілшісі анықтап көрді. 


Алматы  шетелдік студенттер мекені 


2025–2026 оқу жылында Қазақстанның жоғары оқу орындарында 35 075 шетелдік студент оқиды, олар 88 мемлекеттен келген. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 11% өскенін білдіреді, яғни студенттерге Қазақстанның жоғары білім беру жүйесі барған сайын тартымды болып отыр теуге болады.  Ал басқа ресми деректер бойынша елдегі шетелдік студенттердің жалпы саны 33,5 мыңға жуықты құрайды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 17,7%-ға артық көрсеткіш. 


Сонымен қатар 2024–2025 оқу жылында елдегі барша студенттердің жалпы саны шамамен 680 мың адам, оның ішінде шетелдік студенттер 31,5 мың болды, бұл да халықаралық оқуға сұраныстың айқын дәлелі. 


Алматының 35 жоғары оқу орнында 236,1 мың студент оқиды. Студенттердің елеулі бөлігі еліміздің басқа өңірлерінен келгендер және шетелдік азаматтар. Бұл туралы Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының өкілдері айтты.


Қала өңірдегі ең ірі білім беру орталықтарының бірі. Көпұлтты студенттік орта алматылық жоғары оқу орындарына деген тұрақты қызығушылықты арттырып, қаланың білім беру экожүйесінің халықаралық сипатын күшейтіп отыр.


Шетелдік студенттердің басым көпшілігі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде оқиды - 4,5 мың адам. Екінші орында С. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті. Мұнда 1,9 мың шетелдік студент білім алып жүр, оның ішінде 1,2 мың адам (63,2%) үнді этносының өкілдері.


Үздік үштік қатарында Қ. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті бар. Аталған оқу орнында Түркіменстаннан келген 1,9 мың шетелдік студент білім алып жүр. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде 1,8 мың шетелдік студент оқиды.


«Соңғы бір жылдың ішінде шетелдік студенттер саны 45%-дан астамға өсті (17,1 мыңнан 22,6 мыңға дейін, яғни 5,5 мыңға артты). Біздің жоғары оқу орындарының әлемдік рейтингтердегі орнын нығайтып, халықаралық бағдарламаларды дамытып, жоғары сапалы заманауи білім беру ортасын қалыптастырып жатқаны біз үшін үлкен мақтаныш. Бұл әлемнің түкпір-түкпірінен келетін студенттердің қызығушылығын оятады»,  деді Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының басшысы Азиз Кажденбек.



Шетелдік студент қалай келеді?


Ең алдымен, талапкер өзі оқығысы келетін жоғары оқу орнын және білім бағдарламасын анықтауы тиіс. Қазақстанда бакалавриат, магистратура, докторантура бағдарламалары қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде ұсынылады.


Әр университет қабылдау талаптарын өз бетінше белгілейді, алайда негізінен төмендегідей құжаттар сұралады:


жарамды шетелдік паспорт;
орта немесе жоғары білім туралы құжат (аттестат, диплом және қосымшасы);
фотосуреттер;
мотивациялық хат (кейбір бағдарламаларда);
тіл білу деңгейін растайтын құжат (ағылшын тіліндегі бағдарламалар үшін).


Көптеген университеттер шетелдік талапкерлерден құжаттарды онлайн қабылдайды. Құжаттар қаралғаннан кейін оқу орны талапкерге қабылданғаны туралы ресми хат (Admission Letter) жолдайды. Бұл құжат – оқу визасын рәсімдеудің негізгі негізі. Кейбір жоғары оқу орындары қосымша тестілеу немесе онлайн сұхбат өткізуі мүмкін. Бұл әсіресе медицина, педагогика және шығармашылық бағыттарға тән.


Қазақстанға оқу мақсатында келетін шетелдік студенттер үшін C9 санатындағы оқу визасы қарастырылған.
Виза алу тәртібі талапкердің азаматтығына байланысты:


бірқатар елдердің азаматтары Қазақстанға визасыз кіре алады, алайда міндетті түрде миграциялық тіркеуден өтуі тиіс;
визалық режимдегі елдерден келген студенттер Қазақстанның елшілігі немесе консулдығы арқылы оқу визасын алады.


Әдетте виза бір оқу жылына беріледі және Қазақстан аумағында ұзартуға мүмкіндік бар.



Білім бәсекесі мен экономикаға әсері


Шетелдік студенттердің Қазақстанды таңдауына бірнеше себеп бар. Біріншіден, оқу бағасының қолжетімділігі, екіншіден, жоғары оқу орындарының дамыған инфрақұрылымы мен халықаралық деңгейдегі аккредитациялары маңызды рөл атқарады.


Студенттердің негізгі шыққан елдері:


Үндістан – 9 959 адам
Түрікменстан – 9 089
Өзбекстан – 4 136
Қытай – 3 367
Ресей – 2 426 


Осыған қарап, Қазақстанның білім беру нарығы Орталық Азия аймағында ғана емес, Азияның түкпір-түкпірінде де танымал болып келе жатқаны байқалады.


Шетелдік студенттердің ел экономикасына қосқан үлесі айтарлықтай. Олар оқу ақысына ғана емес, тұрғын үй, тамақ, көлік және тұрмысқа жұмсайтын қаржы арқылы да жергілікті нарыққа инвестиция салады. Алматы, Астана мен Шымкент – ең көп шетелдік студенттерді қабылдайтын қалалар. 


Экономикалық тұрғыдан бұл білім берудің экспорттық қызметіне жатады. Ол елге тікелей валюталық түсім әкеледі, жергілікті бизнестің өсіміне ықпал етеді және қаржылық тұрақтылықты күшейтеді.


Шетелдік студенттер тарапынан жоғары сұранысқа ие мамандықтарға мыналар жатады: медицина мен денсаулық сақтау, педагогика, бизнес, құқық, инженерлік ғылымдар және IT бағыттары. 


Белгілісі, шетелдік студенттердің саны жылдан жылға артуда, бұл Қазақстанның халықаралық білім беру нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін айқындайды. Бұл үрдіс ел экономикасына тиімді, ғылыми және мәдени ықпалын кеңейтеді. Сондықтан шетелдік студенттерді тарту тек білім беру саласының игілігі ғана емес, елдің стратегиялық даму бағытының маңызды элементі.


Ақбота Мұсабекқызы