Фото: Gov.kz
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мессенджерлер мен әлеуметтік желілерде таралып жатқан 2026 жылғы қаңтар айының зейнетақы төлемдері 2025 жылғы 30 желтоқсанға дейін өсімді ескере отырып, мерзімінен бұрын аударылады деген ақпараттың шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді.
Ведомствоның хабарлауынша, зейнетақы мен жәрдемақылар бекітілген төлем кестесіне сәйкес жүргізіледі. Индексацияны ескере отырып, 2026 жылғы қаңтар айының зейнетақы төлемдері алушыларға 2026 жылдың қаңтар айында аударылады. Ал желтоқсан айына тиесілі зейнетақы төлемдері толық көлемде жүзеге асырылған.
Министрлік азаматтарды жеке деректердің таралып кету қаупіне байланысты осындай хабарламалармен бірге келетін күмәнді сілтемелерге өтпеуге шақырды. Мемлекеттік қолдау шаралары туралы ресми ақпарат тек 1414 нөмірінен SMS-хабарламалар арқылы және мемлекеттік органдардың ресми интернет-ресурстарында жарияланатыны еске салынды.
Сондай-ақ азаматтарға тек ресми дереккөздерге сену қажеттігі айтылып, жалған ақпарат таратудың заңмен жазаланатыны ескертілді.
