Фото: ашық дереккөз
Қаржылық мониторинг агенттігі «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ-дан азаматтардың зейнетақы жинақтарын заңсыз шығару деректері бойынша тергеп-тексеруді жалғастырып жатыр, деп хабарлайды Ult.kz.
Агенттік мәліметінше, зейнетақы жинақтары стоматологиялық қызметтер көрсету туралы формальды шарттар жасасу және кейіннен жалған медициналық құжаттар ұсыну арқылы қолма-қол ақшаға айналдырылған. Аталған «қызмет» үшін күдіктілер алынған қаражаттың 10–20 пайызы көлемінде заңсыз сыйақы ұстап отырған.
Қылмыстық схемаға еліміз бойынша 42 стоматологиялық клиника тартылған. Заңсыз шығарылған қаражаттың жалпы сомасы 200 млрд теңгеден асады.
Тергеу барысында қылмыстық жолмен алынған табыстарға күдіктілердің элиталық жылжымалы және жылжымайтын мүлік сатып алғаны, сондай-ақ табысты жасыру мақсатында үшінші тұлғалардың атына рәсімдеп, жаңа стоматологиялық клиникалар ашқаны анықталды.
Қазіргі таңда 11 күдікті екі ай мерзімге қамауға алынса, тағы үшеуіне қатысты үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалған.
Сонымен қатар, жүйелі түрде заңсыз сыйақы алу үшін медициналық мекемелердің кейбір дәрігерлері дәрігерлік-консультациялық комиссиялардың (ДКК) жалған қорытындыларын берген. Бұл эпизодтар бойынша алынған қаражаттың жалпы сомасы 30 млн теңгені құрады.
Аталған фактілер бойынша бірқатар сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталды.
Айта кетейік, бұған дейін хабарланғандай, өз зейнетақы жинақтарын алған азаматтар қылмыстық қудалауға тартылмайды.
