23 қаң, 2019 сағат 06:55

Жалақыны өсіруге 26 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінді

2019 жылы Қазақстанда медицина саласындағы табысы төмен қызметкерлердің айлық жалақысын өсіруге 26 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінді. Бұл туралы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ басқарма төрағасының міндетін атқарушы Ботагөз Жақселекова хабарлады.

«Биыл ауруларды басқару және патронаж бағдарламасын енгізілуіне байланысты учаскелік қызметкерлердің жалақысын өсіруге тұңғыш рет қосымша төлем төлеу қарастырылып отыр. Бюджеттен осы мақсаттарға арнап 5,3 миллиард теңге бөлінді. Сонымен қатар, биылғы бюджеттен табысы төмен қызметкерлердің жалақысын өсіруге 25,9 миллиард теңге қарастырылған», - деді ол міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізу мәселелері жөніндегі ведомство аралық комиссия отырысында.

Айтуынша, 2019 жылы медициналық көмек түрлерін сатып алуға 972,7 млрд теңге бөлінген. Бұл былтырғы көрсеткіштен 5 пайыз артық. Қор басшысы қызметтерді сатып алу жоспарымен бөлісе келе, артық бөлінген қаржының қайда жұмсалатынына да тоқталып өтті.

«Қор сатып алынатын емханалық-амбулаторлық көмек көлемін 13 млрд теңгеге арттырмақ. Ал, онкологиялық ауруларды емдеуге бөлінетін қаржы 8,8 млрд теңгеге жеткізіледі. Сондай-ақ, биылдан бастап Денсаулық сақтау министрлігі Қазақстанда емделмейтін ауруларды шетелде емдеу мен жоғары технологиялардың көмегімен жасалатын бірегей оталарды әкімшілендіру фнкциясын МСҚ-на беріп жатыр. Соның нәтижесінде қаржыландыру сомасы 5,6 миллиард теңгеге артпақ», - деп қосты Ботагөз Жақселекова.

Ботагөз Жақселекованың сөзіне сүйенсек, бөлінген қаражат аздап өскеніне қарамастан, денсаулық сақтау жүйесіндегі қаржы тапшылығы мәселесі жойылған жоқ. Сондықтан Қор халыққа үздіксіз қызмет көрсетілуін қамтамасыз ету мақсатында қосымша қаржы бөлу мәселесін күнтәртібіне шығармақ.