Фото: ҚР ОАМ
Тәуелсіздік күніне орай 10-16 желтоқсан аралығында елімізде жас ұстаздар арасында «Мен Тәуелсіздік құрдасымын!» республикалық челленджі ұйымдастырылып отыр, деп хабарлайды Ult.kz.
Әлеуметтік желілер арқылы өтетін бұл челлендждің басты мақсаты – педагог мәртебесін көтеру, оның еңбегінің маңызын насихаттау және ұлт болашағын қалыптастырудағы рөлін көрсету.
Челленджге қатысушы мұғалімдер әлеуметтік желілерде «Мен Тәуелсіздік құрдасымын» тақырыбында бейнеролик немесе пост жариялап, тәуелсіздікпен бірге өскен ұрпақ ретінде білім саласының дамуына қосқан үлесі мен педагог миссиясы жайлы ойларын ортаға салады.
Қатысу үшін ұстаздар:
-
әлеуметтік желілерде #МенҰстазбын #ТәуелсіздікҚұрдасымын #ЯУчитель #ЯРовесникНезависимости хэштегтерімен фото немесе видео посттарын жариялайды;
-
тәуелсіздік туралы ой-пікірлерімен және ұстаздық қызметіндегі миссиясымен бөліседі.
А.Байтұрсынұлы атындағы «Талдау» ұлттық зерттеулер және білімді бағалау орталығының дерегіне сәйкес, елімізде 15 мыңнан астам тәуелсіздікпен құрдас педагог еңбек етуде.
Бұл челлендж жастар ұстаздар арасында патриоттық сананы арттырып, білім саласында қызмет етіп жүрген әр педагогтың тәуелсіздік тарихымен байланысты миссиясын көрсетуге мүмкіндік береді.
