16 қыр, 2025 сағат 13:44

Жасөспірімдер арасындағы қатыгездік: Мектептерде қауіпсіздік бар ма?

 

Фото: timeua.info


Жамбыл облысында соңғы үш күнде екі оқушы қатарластарының қолынан қаза тапты. Бұл жағдай қоғамда терең алаңдаушылық тудырып отыр. Осыған орай, Ult.kz тілшісі білім беру мекемелеріндегі буллингтің жүйелі шешімін іздеп көрді.

 

Мамандардың пікірінше, бұл тек оқшау оқиға емес, білім беру жүйесіндегі және қоғамдағы қордаланған проблемалардың көрінісі болуы мүмкін.

 

Жамбыл облысындағы трагедия

 

Кеше Тараз қаласындағы №47 мектепте тағы бір ауыр жағдай тіркелді. Қоңырау кезінде 9-сынып оқушылары өзге сыныптың жасөспірімін мектеп дәретханасына кіргізіп, ұрып-соққан. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, жәбірленуші кеуде тұсына тиген ауыр соққы салдарынан жедел жәрдем келгенше жан тапсырған.

 

Жамбыл облыстық Полиция департаменті мәліметінше, күдікті кәмелетке толмаған оқушы ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазір аталған оқиға бойынша Қылмыстық кодекстің 106-бабы (Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру) бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

 

Осыған ұқсас қайғылы жағдай бірнеше күн бұрын Шу ауданының Көкқайнар ауылында да болды. Полиция мәліметіне сүйенсек, мектеп оқушылары арасындағы футбол ойыны жанжалға ұласқан. Ұтылған үлкен сынып оқушылары жеңілгеніне ашуланып, кіші сыныптағы балаларды соққыға жыққан. Салдарынан 10-сынып оқушыларының бірі қаза тапты.

 

Бұл жағдайлар мектеп қабырғасында жасалатын зорлық-зомбылықтың қаншалықты қауіпті деңгейге жеткенін көрсетіп отыр.

 

Сарапшы пікірі: буллинг – тек психологиялық емес, әлеуметтік құбылыс

 

Буллинг мәселесі бойынша пікір білдірген «Алматы облысы бойынша психологиялық қолдау оқу-әдістемелік орталығының» әдіскері Әлия Кенжебекқызы бұл мәселені жеке тұлғалық қана емес, әлеуметтік, мәдени және білім беру жүйесінің салдары ретінде қарастыру керек дейді:

 

«Шағын ортада баланың ерекшелігі – оның нысанаға айналуына себеп болуы мүмкін. Әсіресе, интроверт, мүмкіндігі шектеулі немесе этникалық азшылық өкілі буллингке жиі ұшырайды. Мұндай жағдайда кәсіби психологиялық қолдау ауадай қажет. Алайда ауылдық мектептерде психолог мамандар жетіспейді немесе жүктемесі шамадан тыс», – дейді сарапшы Әлия Кенжебекқызы.

 


Оның айтуынша, буллингтің ұзақмерзімді салдары – депрессия, өз-өзіне сенімсіздік, қоғамнан оқшаулану, тіпті суицидке дейін апаруы мүмкін. Сондықтан мектептерде буллингке қарсы жүйелі профилактика, ата-аналармен жұмыс, эмоциялық интеллект дамыту сынды шаралар жүзеге асуы қажет.

 

Мектеп инспекторлары не істейді?

 

Мектептерде тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін жұмыс істейтін инспекторлардың рөлі аса маңызды. Алайда бұл салада да мәселе жетерлік. Мысалы, Ақтөбе облысында 456 мектептің тек 114-інде ғана инспектор болса, Шымкент қаласында 12 мектепте мүлде инспектор жоқ.

 

Алатау қаласы полиция бөлімінің инспекторы Тастемір Қайратұлының айтуынша:

 

«Буллинг – тек тәртіпбұзушылық емес, қылмыстық құқықбұзушылыққа ұласуы мүмкін құбылыс. Мектеп инспекторының міндеті – құқықбұзушылықтың алдын алу, ата-анамен жұмыс, бейнебақылауды қадағалау және құқықтық тәрбие жұмыстарын ұйымдастыру».

 


Ол буллингті заң шеңберінде реттеу жолдарын да атап өтті. Егер оқушының әрекеті қылмыстық сипатқа ие болса – ҚК 131-бабы (жала жабу), ҚК 194-бабы (бопсалау) немесе ӘҚБтК 73-бабы бойынша іс қозғалады. Мұндай жағдайда психологтар, әлеуметтік педагогтар, сондай-ақ ата-аналар жұмыла әрекет етуі тиіс.

 

Не істеу керек?

 

Буллингтің алдын алу үшін кешенді шаралар қажет:
Мектеп бағдарламасына буллингке қарсы тренингтер енгізу;
Психологиялық көмек қолжетімділігін арттыру;
Ата-аналармен және мұғалімдермен жүйелі жұмыс;
Құқық қорғау органдарымен бірлескен алдын алу шаралары;
Мектеп инспекторларын барлық білім мекемелеріне енгізу.

 


Жамбыл облысында орын алған қайғылы оқиғалар – мектептегі буллингтің салдары қаншалықты ауыр болуы мүмкін екенін көрсетті. Бұл жағдайлар бір ғана отбасының емес, тұтас қоғамның мәселесі екенін ұмытпаған жөн. Жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету – тек мектептің емес, ата-ананың, мемлекеттің және қоғамның ортақ міндеті.


Ақбота Мұсабекқызы