13 мау, 2025 сағат 17:15

Жазда жастар да жұмыс істегісі келеді


Фото: baribar.kz


Жас басталып, студенттер де оқудан босай бастады. Алды үш ай жаз, жастар қосымша ақша табу үшін түрлі жұмысқа шығады. Елімізде студенттер жазғы демалыс кезінде қандай жұмыс түрлерімен айналыса алатынын Ult.kz тілшісі анықтап көрді. 


Студенттер оқу барысында жұмыс істей алады, бірақ жұмыс уақыты оқу кестесіне сай болу керек. Оқу орнының рұқсатын алу қажет болуы мүмкін. Дуальды білім беру жүйесі бойынша оқитын студенттер бірінші немесе екінші курсынан бастап мамандығымен жұмыс істей алады. 


Ал жаз мезгілінде  «Жасыл Ел» бағдарламасы іске қосылады. 18 жасқа толған студенттер жазғы демалыс кезінде бұл бағдарламаға қатысып, құрылыс, көгалдандыру сияқты жұмыстарға араласа алады. Жалақы көлемі 30 000–150 000 теңге аралығында. Алайда көп студент күнделікті табыс әкелетін жұмыс істегісі келеді екен. Мәселен: 



Фото: businessmir.kz


Курьерлік қызмет: Курьер болып жұмыс істеп, күніне 10 000 теңгеден астам табыс табуға болады. Репетиторлық қызмет: IELTS, SAT сияқты пәндер бойынша репетиторлық қызмет көрсету. Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ-дың студенті Арқас Әділетов биыл үшінші жыл курьерлік қызмет көрсетеді. Табысы да жаман емес.


«Иә, жаз боды курьер болып істеймін. Алғашқы жылы қаладағы ақылы самокаттарды мініп таситынмын. Былтыр өзіме мопед сатып алдым, ақшамды жинап. Биыл да курьер болып бастадым. Студентке ешкім көп ақша бере қоймайды. Ол үшін тәуелді болмай, осылай жеке өзім тасығанды жөн көремін. Күніне 25-30 мың теңгеге дейін табамын. Осы жұмысымның арқасында қазір Алматының үлкен көшелерін де, кішкентай көшелерін де жақсы біліп алдым, көзімді жұмыс тұрып тауып бара аламын. Табысыңның 15 пайызын тіркелген компания ұстайды, бірақ соның өзінде өте жақсы ақша табамын деп ойлаймын. 19 жасымда айына 700-800 мың теңге тауып отырмын. Бұл менің өзіме толығымен жетіп, отбасымды да арасында қуантып тұруыма әбден жетеді», – дейді Арқас Әділетов.



Сонымен қатар, қазір жастар клинингтік қызметтер, яғни үй немесе кеңсе тазалау қызметін де көрсетіп жүр. Құрылыс жұмыстарында көмекші: Құрылыс алаңдарында қара жұмыстарды атқару. Мейрамханаларда қызмет көрсету: Даяшы, кассир, сатушы-консультант сияқты жұмыстар да атқарады.



Фото: tasty-team.ru


Даяшы болып жұмыс бастаған Райымбек Беделбек Алматы қаласындағы көп салалы колледжтің студенті. Ол биыл алғаш рет еңбекке араласып жатыр екен.


«Биыл 16 жасқа толстым. Бұған дейін жасың жетпейді деп ешқандай жер жұмысқа алмайтын еді. Қазір жасыма сай жұмыс істей аламын, ол үшін анам жұмыс істеуіме қарсы емесін көрсетіп, жолдағы қауіпсіздігімді өз жауапкерлшілігіне алған қолхат жазып берді. Алғашқы жұмысым болғандықтан, даяшы болудан бастайын деп шештім. Әзірге ешқандай тәжірибем жоқ, сондықтан үлкен жұмыстарды жауапкершілікке алуға қорықтым. Қазір ең басты мақсатым, жаңа оқу жылына отбасыма салмақ салмай өзім дайындалу. Жастардың, әсіресе ер азаматтың «өз қалтасы» болғаны дұрыс деп есептеймін», – дейді Райымбек Беделбек .



Негізі әр баланың құқығы қорғалады. Еңбек кодексі бойынша, 14 жастан асқан жастар жазғы демалыс кезінде жұмыс істей алады. Жұмыс уақыты мен шарттары еңбек кодексіне сәйкес болуы тиіс. 


Ақбота Мұсабекқызы