Фото: pixabay.com
Жетісу облысында жұмыртқа мен майдың бағасын көтерген кәсіпкерлер жазаланды, деп хабарлайды Ult.kz Сауда және интеграция министрлігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Жұмыртқа мен май әлеуметтік маңызы бар азық-түлікке жатады. Ал ондай тауарлардың үстемеақысы 15 проценттен аспауға тиіс. Жетісу облысында тексеріс кезінде кейбір кәсіпкерлердің бұл талапты сақтамай отырғаны анықталды.
"Сауда компанияларының біреуі жұмыртқа өндірушіден бір данасын 50 теңгеден сатып алып, оны жиырмадан астам фирмалық дүкенде 60–75 теңге аралығында сатқан. Сауда үстемесі 20–50%-ға дейін жетіп, рұқсат етілген шектен айтарлықтай асқан. Әкімшілік ықпал ету шаралары қолданылғаннан кейін жұмыртқа бағасы төмендетілді", - дейді тұтынушылар құқықтарын қорғау департаментінің мамандары.
Сол сияқты тағы бір компания сары майды басқа серіктестікке жеткізіп, артынан оны жеті сауда желісі мен үй жанындағы дүкендер арқылы 40–61% сауда үстемесімен сатқан. Барлық кәсіпкерге айыппұл салынды.
Айта кетері, жыл басынан бері облыста сауда үстемесін сақтамау бойынша 17 материал қаралды. Соның нәтижесінде жалпы сомасы 185 975 теңге айыппұл салынды.
