13 ақп, 2023 сағат 15:36

Жұлдыз Әбділда: «Баспасөз картасы дәл қазіргі күйінде керек емес»

Фото: qaz365.kz

Еліміздің журналистер қауымы әлеуметтік желілерде «Масс-медиа» туралы «даулы» Заң жобасын қызу талқылап, кемшін тұстары бар екенін ашық айтып жатыр. Жақында Алматы мен Астанада бір топ журналист һәм құқыққорғаушы қатысқан арнайы пресс-конференция да өтті. Осы орайда Ult.kz сайтының тілшісі жұмыс тобының мүшесі, белгілі журналист Жұлдыз Әбділдаға бірнеше сұрақ қойған еді. 

– Бұл Заң жобасы жайлы желіде қарсы пікір білдіргендер арасында өзіңіз де барсыз. Қалай ойлайсыз, алдағы уақытта осы талқылаулардан оң өзгеріс бола ма? Заң қабылдаушы орган бұған қаншалықты құлақ асуы мүмкін?

– Жұмыс тобы құрылып, біраз уақыт талқыладық. Жұмыс тобында алпыс адам болды. Бірақ арасында белсенді қатысып, ұсыныс-пікір білдіргендер көп емес. Жоба ашық нормативтік-құқықтық актілер порталына салынды. Оның алдында ұсыныс, пікір білдіруге ашық болды. Соған қарамастан, әріптестер аса белсенді бола қоймады. Алматы мен Астанада өткен баспасөз мәслихатынан кейін министрлік өкілімен кездестік. Әлі де болса үміт бар. Пікіріміз ескеріледі деп сенгіміз келеді.

Парламентке кімдер баратынын, депутаттар не өзгертетінін білмейміз.

– Бұл Заң жобасының нақты қай баптарын, яки қандай жерлерін түзету керек және Заң осы күйінде қабылданған жағдайда ол журналистер жұмысына, сондай-ақ медиа нарықтың дамуына қалай әсер етпек?

– Заң мейлінше журналистердің еркін жұмыс істеуіне мүмкіндік берсе дейміз. Ал медиа нарық дамуы үшін бәсеке керек.

– Сіздің ойыңызша, екіұдай пікір туғызған "интернет жарнамалар, интернет платформалар мен блогерлер қызметін реттеу" мәселесін бөлек қарастырып, оған қатысты арнайы Заң жобасын әзірлеу идеясы дұрыс па? Бұл да бақылауды күшейтудің бір амалы емес пе?

– Блогерлердің қызметін реттеу дегеннің өзі дұрыс емес. Қазір екінің бірі блогер. Оның бәрін бақылауда ұстау мүмкін емес. Жалған ақпарат таратса, салық төлеуден жалтарса, заң бойынша тыйым салынған дүниелерді таратса, басқа да заң бұзушылыққа барса, заң алдында көппен бірге жауап беруі керек.

– Бірқатар әріптесіміз журналистер үшін “баспасөз картасын” енгізуге қатысты да қарсы ойларын айтып, теріс пікірлер жазып жүр. Осы орайда заңды сұрақ туындайды. Жалпы, журналистерге "әлеуметтік мәртебе" мен "әлеуметтік жеңілдіктер" керек пе?

– Баспасөз картасын енгізуді өз әріптестеріміз ұсынған екен. Дәл қазіргі күйінде ол керек емес. Ұсыныстар негізінде өзгертіліп, толықтырылады деп сенеміз. Әлеуметтік жеңілдік бергеннен журналистің мәртебесі көтеріліп кетпейді. Журналистің мәртебесін көтеру үшін кәсіби деңгейді көтеріп, ашық бәсеке болуына жағдай жасау керек. Журналистерге нарыққа сай жақсы жалақы төлесе, ешқандай жеңілдік қажет те болмайды.

– Бұрынырақ журналист сауалына 15 күн ішінде жауап берілетін, қазір 7 күнде жауап берілуі керек. Дегенмен бүгінгі қоғамда, минут сайын ақпарат жаңаратын заманда журналист сұраған мәселе “ескіріп”, маңызын жоғалтатыны да рас. Мемлекеттік мекемелердің бірер сағатта немесе сол мезетте ауызша жауап беруіне не кедергі? Қаралып жатқан заң жобасында бұл туралы қандай талқылау бар?

– Көп талқыға түскен мәселе. Қалай боларын уақыт көрсетеді.

– Аталған Заңның оң тұстары болса, оған да тоқталып өтсеңіз…

–  Кей әріптестеріміз заң жобасын оқымай-ақ, қолдау білдіріп, мадақтап жатыр екен. Бұл этикаға қайшы. Біз біреуге қарсы емеспіз, бүйректен сирақ шығару мақсат емес. Бар болғаны сапалы заң қабылданса дейміз. Жақсы заң бәрімізге пайдалы болатынын түсінуіміз керек.