Фото: Ашық дереккөзден
ҚР Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Иранда орын алған қайғылы оқиға – 160 мектеп оқушы қыздардың қаза табуы туралы суыт хабарды терең күйзеліспен қабылдағанын айтып, facebook парақшасына жазба жариялады, деп хабарлайды Ult.kz.
Министрдің сөзінше бейбіт күнде білім алып, болашаққа қадам басуы тиіс балалардың өмірінің үзілуі – барша адамзат үшін орны толмас қасірет.
"Бала тәрбиесімен айналысатын адам ретінде балалар ешқашан қандай да бір қақтығыстың, жанжалдың немесе саяси текетірестің құрбаны болмауы тиіс деп санаймын. Олардың қауіпсіздігі мен амандығы – халықаралық қауымдастық үшін де, әр мемлекет үшін де ең басты құндылықтардың бірі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев халықаралық мәселелерді әрдайым бейбіт, дипломатиялық жолмен шешу қажеттігін үнемі айтып келеді. Бұл – адам өмірін, әсіресе балалардың болашағын қорғауға бағытталған салмақты әрі дәйекті ұстаным. Мен бұл көзқарасты толық қолдаймын", деген министр Сүлейменова қаза болған ирандық балалардың ата-аналары мен жақындарына көңіл айтты.
