24 там, 2016 сағат 10:43

Жұманазар қари Өсерханұлы: Жат ағым лидерлері ҚМДБ ұстаздарының ширегіне де келмейді

Астана қаласы, «Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің Бас имамы Жұманазар қари Өсерханұлы:

- ...Әсерінен әлі арыла алмай жүрміз. Осы өткен қасиетті Рамазан айы несімен есте қалды? Бас имам ретінде қандай іс шаралар атқардыңыздар?

– Айлардың сұлтаны болған қасиетті Рамазан айымен қимай-қимай қоштастық. Бірақ, Алла Тағала қасиетті айды мұсылмандардың сағынышы үшін әр жылы он күн алға ілгерлетіп қойған сияқты. Сахабалар алты ай бойы Рамазанды қия алмай жүрсе, келесі айларда соншалық аңсап, сағынып жүреді екен. Міне, бұл бабадан қалған қимастық, бабадан қалған сағыныш... Егер адам сезіне алатын болса, бұл айда ерекше бір рухани нұрға бөленетін ай. Сонымен қатар, әрбір құлшылықтың сауабы еселенетін, дұғалар-тілектер, ниеттер қабыл болатын ай. Сол үшін де әрбір есті мұсылман кісі бұл айда көптеп сауапты амалдар жасауға құлшынады.

Ал, мешіт тыныш-тіршілігінен алып айтар болсақ, хал-қадірімізше сауапты істер атқаруға құлшындық. Рамазанның әр күні есте қалды деп айтуға да болатын шығар. Әр күн сайын бірнеше жерде ауызашарлар жасалып, көптен көріспей жүрген адамдармен мейірімді жүздерде кездесу – бәрі-бәрі Рамазан айының ерекшеліктері ретінде есте қалды.

Іс-шараларға келсек, бір жылда айналып өтетін 360 күндегі әр атаулы күндер мен қасиетті айларды Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы Хазіреттің тапсырмасымен, еліміздегі барлық мешіттерде ерекше аталып өтілуде. Оны ағымдағы БАҚ-тан көріп отырған да боларсыздар.

Рамазан айының алдындағы Ережеп, Шағбан, Исра кеші т.б қасиетті болған күндерде Астана қаласы «Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінде ауызашар дастарқандары жайылып, қайырымдылық шаралары ұйымдастырылып, арнайы даталарға байланысты уағыз-насихаттар жүріліп келді.

Әуелі, Рамазан – Құран айы. Бұл айда көптен хатым жасалуы керек. Яғни, Құран Кәрім оқылуы тиіс. Осыған орай, жамағатымыз да бұл сауапты амалдан тарауық намазында, жамағатпен бірге Құран хатым етті. Биыл өзіммен бірге шәкіртім, «Көктөбе» қарилар орталығының түлегі, Қайырбай қари Дәукенұлы қатысты. Мешітіміздің сауат ашу курсында сабақ алатын ақсақалдар тобы мен апалар тобы да қасиетті Қадір түніне дейін жеке-жеке бір-бір хатым жасады.

Сонымен қатар, Рамазан айында мешітте атқарылған іс-шаралардың бірі – ай бойы берілетін ауызашар. Биыл бір берекетті жыл болды. Мешіт қызметкерлерінің атсалысуымен «Халал», «Аль-Маида» кафелері, «Алтай» дәмханасы мен мешіт ауласында күн сайын ауызашар дастарқаны жайылып, күніне бірнеше жерде жүздеген жамағаттың тамақтануына (ауызашуына) мүмкіндік жасалды. 

Кәсіпкер азаматтардың демеушілігімен қасиетті Рамазан айында  9,433,500 теңгеге 12,265 адамды қамтыған 68 рет ауызашар дастарқаны жайылды. Қадір түніне орай, мешіт ауласында 3000 адамға сәресі берілді.

Осы сұхбатты пайдалана отырып, демеушілік жасаған кәсіпкер азаматтарға Алла разы болсын деген тілегімді білдіремін! 

– Ел егемендік алып, етек-жеңімізде енді түзеген тұста алғашқы болып, Құран жаттаған қариларымыздың бірісіз. Кейіңігі жастарға өнеге ретінде Құран жаттаудың қыр-сырын айтып берсеңіз?

– Құранды оқу – әр бір мұсылмандардың асыл міндеті, ал құранды жаттау – ол Алланың сұраған құлына берген нығметі!

Қазіргі кезде Құран оқу да, жаттау да қиын емес, шын ниеті бар адамдарға. Кез келген мешіттерге барсаңыз, тегін курстар бар. Құранды оқытып үйрететін ұстаздар үздіксіз қызмет етуде.

Қазіргі таңда еліміз бойынша Астана және Алматы қалаларында арнаулы қарилар орталығы бар. Құран жаттаушы жастарға арналған. Республикалық 9 медресе, 1 жоғары оқу орыны жұмыс жасайды. Бұның ішінде қыздар медресесі тағы бар. Осы оқу ордаларынан білім алып, ғылымға талпынған жастардың Құран жаттауына да мүмкіндіктер қарастырылып отыр.

Сонымен қатар, әр жаз айларында, яғни оқушылар каникулға шығатын уақытында еліміздің барлық мешіттерінде оқушыларға арналған тегін «Имани жаз» атты жазғы сауат ашу лагері ұйымдастырылып келеді. Жаз айларында оқушылардың көптеген қылмыстарға, бұзақылықтарға баратындығын айтып, мамандарымыз дабыл қаққан болатын. Міне, осы мәселенің алдын алу мақсатында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының оң шешімімен әр жаз айларында бір ай көлемінде оқушаларға Құран оқып үйрену, пайғамбарымыздың өнегілі істерімен сүннет амалдары, пайдалы дұғалар, қысқа сүрелерін оқытып, жаттатып шығарады. Мұндай игі бастамалар кейбір мемлекетерде әлі де болса жоқтың қасы.

Ал, қарилыққа іңкәр жастар болса, оның да шарасы жеңіл. Құран жаттаудың бір құпиясы – баланы жастайынан берген абзал. Және жүрегі байлаулы болған ләзім. Сонымен бірге, қайтпас қайсарлық пен табандылық керек.

Кейбір статистикаларға қарасақ, көршілес мұсылмандар тұратын мемлектетерден қарилар тәрбиелеу жағынан еліміз біршама кемшін келе жатқанымыз да жасырын емес. Алла нәсіп етсе ол олқылықтың орны да толар, иншалла.

– Күні бүгінге дейін екі адамның басы қосыла қалса жат ағым мәселесін талқылап жатқандғын жиі байқаймыз. Мешіт тыныс-тіршілігінде, сіздер, жат ағыммен қаншалықты күресіп жүрсіздер?

– Қазақстн мұсылмандар діни басқармасы бұл жағындағы жұмыстарды әлде қашан қолға алып, кейбір қауіпті ағымдар туралы БАҚ-та дабыл қағып, сайттар, газет-журналдар арқылы танымдық мақалалар жариялап келеді. Ал, мешіт аясында атқарылған жұмыстар да аз емес.

ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы хазіреттің тапсырмасымен ел мешіттерінде арнаулы төрт бағыт белгіленген болатын. Соның бірі – жат ағыммен күрес жұмыстары. Яғни, мешіт жамағатының ішіндегі сенімінде селкеу бар азаматтарға түсіндіру, насихат жасау.

Мұндай жат ағымдармен күрес әр мешіттерде де қарқынды жүрілуде. Мәселен біздің мешітте де әртүрлі жамағаттардың бары рас. Оны жасыра алмаймыз. Бірақ Ислам әдебі бойынша уағыз-насихаттар айтылуда. Әр жұма сайын уағыздарда да жат ағым мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Айтудай-ақ айтылып келді. Иншала, бұл бір өтпелі кезең шығар деген үміттеміз.

Мешітіміздегі имамдарымыздың атсалысуымен, кейбір сақалы ұзын, балағы қысқа, иманы шаблонға құрылған азаматтармен жекелей кездесулер ұйымдастырылып, арнайы түсіндіру жұмыстары жыл бойы, күн сайын жүрілуде. Нәтижесінде жыл басынан бері жүзден астам азаматқа түрліше деңгейде насихат жұмыстары жүргізілді. Бірақ, бір айта кететіні кейбір асқынған топ өкілдері имамдарымызбен санаспай жататын жағдайлар да жоқ емес.  

Қала берді, мұндай бүлік тудырып елдің ішіне ірткі салған, ел сеніміне селкеу түсірген, ата дініміз Ислам атын жамылған жат ағымдардың алдын алу мақсатында мешіт порталы мен басқа да БАҚ беттерінде, телеарналар мен газет-журналдарда мешіт имамдарының мақалалары, ЖОО мен коллеждерде, түзету мекемелерінде, қоғамдық ұйымдарда өткізілетін кездесулер, дөңгелек үстелдерге белсене қатысып келеді. Себебі, біздің ойлайтынымыз елдің тыныштығы, азаматтардың ынтымақ бірлігі.

– Жат ағымның асқынуына мешіттерді кінәлайтын пікірлерді жұрт арасынан естіп қалып жатамыз...

– Бұл жаңсақтықпен айтылған пікір. ҚМДБ-на қарасты қызметкерлер бұл мәселеде тіпті ең алдымен дабыл қағып, қоғамды сақтандырып келе жатқанын да айта кету керек. Интернетті ашып қалаңыз, бір ғана youtube  сайтынан имамдардың жат ағымдар – тәкбіршілік, сәләфиттік, Құраншылық, ахмадияшылық, табиғи жамағаты, т.б. ағымдар туралы қаншама видеолар бар. Бұның өзі – осы бағытта ел имамдарының ел бірлігіне, мемлекеттік идеялогияның тұтастығына, ұлт болашағынан қосқан үлесі деуге болады.  Біздіңше, бұл – еліміздің байлығы мен бірлігіне сызат түсіргісі келетін дін атын жамылған жымысқа әреткеттер деп топшалаймыз.

Әгәрәки мазһаб ұстанбаймыз деген ағамдардың кез келген лидерлерін алып келіңіз, асылық болмасын, діни басқармада қызмет істейтін ұстаздардың біреуінің де ширегіне келмейді. Мысалы, Арман Қуанышбаев, Ерсін Әміре, Қабылбек Әліпбайұлы қатарлы жас ғалымдар бар. Басқа да өмірін Исламды зерттеуге арнаған ақсақалдарымыз бар. Солар шешетін дау еді.

– Салихалы сұхбаттарыңыз үшін рахмет.

 Сұхбаттасқан: Оразбек САПАРХАН

muftyat.kz