12 жел, 2024 сағат 15:49

"133 жылжымайтын мүлік пен 35 автокөлік": қылмыстық топтан тәркіленген мүлік көрсетілді


Қаржы мониторингі агенттігі ұйымдасқан қылмыстық топ жетекшісі Елдос Қоспаев пен оның сыбайластарына тиесілі тәркіленген мүліктерді жария етті, деп хабарлайды Ult.kz.

Агенттік ұсынған бейнематериалда Алматыдағы Никольский базары, Алматы облысындағы ірі шаруа қожалығындағы сәнді үй және көптеген премиум санаттағы автокөліктер көрсетілген.

Ресми мәліметтерге сәйкес, Қоспаевтың тобы заңсыз жолмен 133 жылжымайтын мүлік, 11 жер телімі, 35 қымбат автокөлік және 9 миллион доллар көлемінде қолма-қол қаражатқа ие болған.

"Қоспаев Алматы облысында құжатсыз бассейні мен спорт залы бар сәнді саяжай тұрғызып, асыл тұқымды жылқылар өсірген және арыстан мен аю секілді жабайы жануарлар ұстаған хайуанаттар бағын салған," – делінген агенттік мәлімдемесінде.


Тергеу деректеріне сәйкес, қылмыстық топтың әрекеттері салдарынан мемлекетке 9,2 миллиард теңге шығын келтірілген.