Фото: видеодан салынған скрин
Алматыда әлеуметтік желілер арқылы пневматикалық және суық қаруды заңсыз сату деректері анықталды. Бұл туралы қалалық Полиция департаменті хабарлады.
Ведомство мәліметінше, мониторинг нәтижесінде күмәнді аккаунттар анықталып, жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізілген. Соның нәтижесінде заңсыз айналымнан пневматикалық қарулар мен суық қару түрлері тәркіленді.
Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Полицияның мәліметінше, жыл басынан бері жүргізілген жедел іс-шаралар нәтижесінде заңсыз айналымнан 619 тыйым салынған зат тәркіленген.
Алматы қалалық ПД қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Тимур Ноғайбаевтың айтуынша, әлеуметтік желілердегі заңсыз қару саудасы қоғамдық қауіпсіздікке үлкен қауіп төндіреді.
«Мұндай құқық бұзушылықтар ауыр қылмыстардың жасалу қаупін арттырады. Интернет кеңістігі тұрақты бақылауда, бұл бағыттағы жұмыс күшейтіледі», – деді ол.
Айта кетейік, бұған дейін заңсыз айналымнан 25 атыс қаруы тәркіленген.
