03 там, 2025 сағат 14:14

3 тамыз — көлік қызметкерлері күні

Фото: ашық дереккөз

Қазақстанда Көлік қызметкерлері күні ресми түрде 1998 жылдан бері тамыз айының бірінші жексенбісінде аталып өтеді, деп хабарлайды Ult.kz.

Бүгінде Қазақстанның көлік саласында 772 мың адам еңбек етеді. Көлік министрлігінің мәліметінше, қазіргі таңда 1300 шақырымнан астам жаңа теміржол, 12 мың шақырым автожол және 3 жаңа әуежай құрылысы жүріп жатыр. Сонымен қатар заманауи логистикалық орталықтар дамытылуда.

Жүк пен жолаушы тасымалының көлемі жыл сайын артып келеді. 2029 жылға қарай Қазақстан арқылы өтетін транзит көлемін 100 млн тоннаға дейін жеткізу жоспарланған. Көлік дәліздерін цифрландыру мен мультимодальды жүйелерді дамыту да басты назарда.

Биылғы бірінші жартыжылдықта көлік саласы 22,7% өсім көрсетті. Білікті кадрларды дайындауға басымдық беріліп, қосымша гранттар бөлінуде.

Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев өз сөзінде:

«Ірі инфрақұрылымдық жобалардың сәтті әрі сапалы жүзеге асуы — сала қызметкерлерінің бірлігі мен үйлесімді жұмысының нәтижесі. Алда ауқымды міндеттер тұр, оларды табысты орындау үшін күш біріктіруіміз қажет», – деп атап өтті.


Биыл 200-ге жуық көлік саласының маманы мемлекеттік наградаларға ие болды. Олардың арасында:

  • «Қазақстанның Еңбек Ері»,

  • «Парасат» және «Құрмет» ордендері,

  • «Еңбек даңқы» III дәрежелі ордені,

  • «Ерен еңбегі үшін», «Шапағат», «Ерлігі үшін» медальдары мен

  • «Көлік саласының қайраткері» құрметті атағы бар.


    Күні кеше Мемлекет басшысы көлік саласының қызметкерлерін марапаттады.