Фото: Premierministr.kz
ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында арнайы бейнеүндеу жолдап, «Қазақстан балалары» ұлттық науқанының басталғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Ult.kz.
Министр өз сөзінде Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Отбасы – тәрбие бастауы!» ұранымен онкүндік басталғанын және отбасының бала тәрбиесіндегі шешуші рөлін атап өтті. Бала тәрбиесі мен білім беру саласында мемлекет пен ата-ананың ортақ жауапкершілігінің маңыздылығын ерекше атап өткен министр, азаматтардың көпшілігі отбасылық құндылықтарды өз өмірлеріндегі басты басымдық ретінде көретінін жеткізді.
Сонымен қатар, бейнеүндеуде балалардың қауіпсіздігі мен әл-ауқатын қамтамасыз ету бағытындағы нақты жетістіктер мен бастамалар айтылды. Оның ішінде:
-
Балаларға қатысты сексуалдық зорлық-зомбылық оқиғаларын қамтитын 50-ге жуық қылмыстық іс қаралған;
-
700-ден астам әйел мен балаға шұғыл көмек көрсетілген;
-
«Саламатты Қазақстан» пойызы арқылы 100 мыңнан астам азаматқа медициналық көмек көрсетілген;
-
Әлеуметтік осал отбасыларға, көпбалалы аналар мен мүмкіндігі шектеулі балаларға ерекше көңіл бөлінген.
Аида Балаева Үкімет әзірлеп жатқан «Қазақстан балалары» бірыңғай бағдарламасының балалар мәселесін шешуге бағытталған заманауи ұлттық жүйе болатынын атап өтті. Сонымен қатар, министрлік іске қосқан «Ата-ана академиясы» жобасы аясында онлайн платформа жақын арада іске қосылатынын хабарлады.
«Әр бала тек өз үйінде ғана емес, қоғамда да қамқорлық пен сүйіспеншілікке бөленуі тиіс. Бақытты әрі дені сау ұрпақ – еліміздің басты мақтанышы және мемлекетіміздің өркендеуінің көрсеткіші», – деді Аида Балаева өз үндеуінде.
Министр барша ата-аналарды балалардың қызығушылықтары мен қажеттіліктеріне көбірек көңіл бөлуге шақырып, отбасыларға бақыт пен береке тіледі.