02 сәу, 2024 сағат 14:30

Әкімдіктерге су тасқыны болатынын қыста ескерткенбіз — Қазгидромет директоры


Фото: ҚР ТЖМ


Өңірлердегі әкімдіктер су тасқыны болатынын қыста ескерткен. Бұл туралы үкіметте "Қазгидромет" РМК бас директоры Данара Әлімбаева мәлім етті, - деп хабарлайды «Ұлт ақпарат» Tengrinews.kz -ке сілтеме жасап.


Әлімбаеваның айтуынша, бүгінде Ақтөбе облысында су тасқынының шарықтау шегі төмендеп келеді.


"Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Ақтөбе, Қостанай облыстарында су деңгейінің көтерілгені байқалады. Батыс Қазақстан облысында су деңгейі көтеріледі деп күтіледі. Трансшекаралық өзендер бойында су деңгейі көтеріледі. Қазір су деңгейі көтеріліп жатыр, жақын арада, апта аяғында, жұмадан бастап болады деп күтеміз", - деді "Қазгидромет" директоры.



Оның айтуынша, синоптиктер су тасқыны болуы мүмкін аймақтар туралы ақпаратты қыста берген.


"Желтоқсаннан бастап су басу қаупі бар өңірлер болатынын айтып жатырмыз, бұл Ақтөбе, Атырау, Қостанай, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстары мен Абай облысында. Бұл аймақтарда су тасқыны қаупі жоғары болды. Бұл ақпарат жергілікті атқарушы органдарға жолданды. Оның үстіне, наурыздан бері 100-ден аса ауа райы туралы ескерту жасалды", - деді ол.