21 сәу, 2026 сағат 09:58

Ақынның аманаты: Мұхтар Шаханов Отырарда жерленеді


Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі
Қазақстанның халық жазушысы, белгілі ақын Мұхтар Шаханов Отырар ауданында жерленетін болды. Бұл туралы ақынның жиені Қайырхан Балғабеков әлеуметтік желіде хабарлады, деп жазады Ult.kz.

Оның айтуынша, марқұмның көзі тірісінде айтқан соңғы аманаты орындалады.

«Аллаға сансыз шүкір, атамның соңғы аманаты орындалатын болды. Атамыз Отырарда жерленетін болды», — деп жазды ол Threads желісінде.


Қоштасу рәсімі 21 сәуір күні Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры ғимаратында сағат 09:00-де өтеді.

Ал жазушы Құдияр Біләл мәліметінше, жерлеу рәсімі 22 сәуірде Арыстан баб кесенесі маңында орналасқан зиратта өтеді. Атап айтқанда, академик Өмірзақ Айтбаев пен сатирик Көпен Әмірбек жерленген қорымға қойылады.

Кейінірек нақтыланған ақпаратқа сәйкес, ақын Түркістан облысы, Отырар ауданы аумағындағы «Қоғамдық ауылдық зиратында» жерленеді.

Еске сала кетейік, бұған дейін Мұхтар Шахановтың жары Президент әкімшілігіне хат жолдап, ақынды «Арыстан баб» кесенесінің іргесіне жерлеуді сұраған болатын. Әлеуметтік желі қолданушылары ақынның соңғы аманатының орындалуына қатысты түрлі пікір білдірген еді.