Фото: ашық дереккөз
Бүгін, 2026 жылғы 10 наурызда көрнекті композитор Александр Зацепин 100 жасқа толды, деп хабарлайды Ult.kz.
Маэстроның әуендері «Кавказ тұтқыны», «Ы операциясы», «Гауһар қол» сияқты әйгілі фильмдерде, сондай-ақ көптеген басқа кинокартиналарда шырқалып, бірнеше буын тыңдармандардың жүрегінен орын алды.
Өткен ғасырдың 50-жылдарының басында Александр Зацепин Алматы мемлекеттік консерваториясында (қазіргі Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы) білім алып, белгілі композитор Евгений Брусиловскийдің жетекшілігімен композиция мамандығын меңгерді. Сол кезеңде оның «Қазақфильм» киностудиясымен шығармашылық байланысы басталып, «Біздің сүйікті дәрігер» фильміне музыка жазды.
Құрманғазы атындағы консерватория мен Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры кітапханаларының қорларында композитордың қолжазбалары мен дипломдық жұмысы сақталған.
Өз ғұмырында сазгер 300-ден астам шығарма жазып, оның музыкасы 100-ден аса фильмде пайдаланылған. Бүгінде маэстро шығармашылық қызметін жалғастырып, тыңдармандарын әлі де қуантуда.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі композиторды мерейтойымен құттықтап, шығармашылық ғұмырының ұзақ болуын тілейді.
