29 сәу, 2025 сағат 16:59

Алматы облысында жоғары сынып оқушысы өзінен кіші балаларды ұрып-соқты

Фото: видеодан скриншот

Алматы облысында мектеп оқушыларына қатысты әлімжеттік жасалған видео әлеуметтік желілерде тарады, деп хабарлайды Ult.kz.

Оқиға Іле ауданына қарасты Қараой ауылында болған. Бейнежазбада бірнеше оқушы қатар тізіліп тұрғаны және олардың біреуінен соққы көріп жатқаны анық байқалады.

Алматы облысы Полиция департаментінің мәліметінше, әлеуметтік желілерді бақылау барысында кәмелетке толмағандар арасында орын алған заңсыз әрекеттерді көрсететін видео анықталған.

"Оқиға 2024 жылы қыркүйекте Іле ауданы Қараой ауылында болғаны белгілі болды. Бұл дерек бойынша полицияға азаматтардан арыз-шағым түскен жоқ. Қазір кәмелетке толмаған балаға дене жарақатын келтіру дерегі бойынша іс тіркеліп, соталды тергеу жүргізіліп жатыр. Балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін құқықбұзушы жасөспірімнің және оқиғаны бейнетаспаға түсірген мектеп оқушысының заңды өкілдері әкімшілік жауапкершілікке тартылды", - деді полиция.


Сонымен қатар, жасөспірімдер профилактикалық есепке қойылғаны белгілі болды.

"Кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссияға қосымша ықпал ету шараларын қабылдау туралы ұсыныс енгізілді. Кәмелетке толмағандар арасындағы мұндай зорлық-зомбылық әрекеттері қоғамдық тәртіп пен заңдылық қағидаларын өрескел бұзу саналады. Осы тәріздес құқықбұзушылықтарға қатысы бар барлық тұлға заң аясында қатаң жауапкершілікке тартылады", - деп ескертті ПД өкілдері.