Фото: istockphoto.com
Алматыда бардың негізін қалаушы қызметкеріне қатысты зорлау ісі бойынша кінәлі деп танылып, 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Үкімді Медеу аудандық №2 соты шығарды, деп хабарлайды Ult.kz.
Сот айыпталушыны Қылмыстық кодекстің 120-бабы (зорлау) және 118-бабы (АИТВ
жұқтыру қаупін төндіру) бойынша кінәлі деп таныды. Алайда 118-бап бойынша
қылмыстық жауапкершілік мерзімінің өтуіне байланысты ол жазадан босатылды.
Оған орташа қауіпсіздік мекемесінде 5 жыл жазасын өтеу тағайындалды.
Сондай-ақ сот сотталушыны жәбірленушілер қорына шамамен 86 мың теңге төлеуге міндеттеді.
Қамауда ұстау бұлтартпау шарасы өзгеріссіз қалды.
Сот материалдарына сәйкес, оқиға 2025 жылдың наурызында болған. Тергеу
барысында айыпталушы жәбірленушіні психотроптық зат қолдануға көндіріп, оны
дәрменсіз күйге түсіріп, еркінен тыс жыныстық әрекет жасағаны анықталған.
Сотта жәбірленушінің айғақтары, бейнежазбалар және іс материалдары дәлел
ретінде қаралды. Айыпталушы өзіне тағылған айыпты мойындамай, әрекет өзара
келісіммен болғанын айтқан.
Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ, тараптардың шағымдануға құқығы бар.
